×

«Болашақ» бағдарламасы: дәрігерлерге жеңілдік жасалады

Басымдық техникалық мамандықтарға беріледі

 Дәурен Ерболат 16.11.2022 | 17:47
фото: ОКҚ

«Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде оқығысы келетін медицина қызметкерлеріне жеңілдік жасалады. Бұл туралы «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның айтуынша, биыл 14 қазанда аталған бағдарлама бойынша құжат қабылдау аяқталды. Өтінімнің басым бөлігі техникалық мамандықтар бойынша түскен.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша алдағы уақытта инженерлік-техникалық мамандар үшін арнайы жеңілдік санатын енгізу жоспарда бар. Техникалық мамандықты таңдаған үміткерлер құжат тапсырғанда ЖОО-дан шақыруды ұсынуға міндетті болмайды, - деді басқарма төрағасы ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Олар қазақ тілінен емтихан тапсырғанда нәтижесі В1-ден (ҚазТест сертификаты), ағылшын тілінен 5 балдан (IELTS сертифтикаты, барлығы 9 балл) төмен болмауы керек. Жеңілдігі бар үміткерлердің дипломының орташа балы (GPA) 3-тен кем болмауы шарт.

Болашақ» стипендиясы аясында медициналық қызметкерлерге қойылатын талаптарды жетілдіру қарастырылып отыр. Статистикаға сүйенсек, кадрларды даярлаудағы негізгі мәселе – шет тілін меңгеру деңгейінің төмендігі. Денсаулық сақтау қызметкерлері үшін мүмкіндіктерді кеңейту және қызығушылығын арттыру үшін арнайы жеңілдік санатын енгізуді қарастырамыз. Оларға бір жылдық тілдік дайындықтан өтіп, стипендия тағайындалғаннан кейін шетелдік университетке түсу мүмкіндігі беріледі, - деді Әнуар Жанғозин.

Басқарма төрағасы алдағы уақытта ауылдан келген үміткерлер үшін жеңілдіктер кеңейтінін атап өтті.

«Оларға ағылшын тілінен IELTS емтиханының балы 6,0 балдан 5,0 балға дейін төмендетіледі. Сондай-ақ бір жылдық тілдік дайындықтан өту мүмкіндігі беріледі», - деді басшы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама