Бүгінде арнайы комиссия оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр
Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин биыл 23 қарашада Қарағанды облысы Ленин шахтасындағы апатты тексерудің қорытындысы жарияланатынын айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
23 қарашада қорытындыны береміз. Біз БАҚ өкілдерін жинап, тергеп-тексерудің қорытындысын жариялаймыз. Қазір комиссия жұмыс істеп жатыр, - деді Юрий Ильин Үкімет отырысынан соң.
Сондай-ақ ол Қостанай облысында болған өртке кінәлі деген күдікпен бірнеше лауазымды тұлға күдікке ілінгенін жеткізді.
«Бүгінде тергеу жүріп жатыр. Тергеушілер бірқатар лауазымды тұлғаны ұстады. Оларға айып тағылуда», - деді министр.
Еске сала кетсек, 3 қарашада Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы Ленин шахтасында апат болып, 5 кенші көз жұмған еді. Ал президент «АрселорМиттал Теміртауға» тиесілі шахтадағы апаттың жиілеуіне қатысты қатаң шара қабылдауды тапсырды. Кейін қаза тапқан кеншілердің отбасына пәтер берілетіні хабарланды.
Сондай-ақ премьер-министр Әлихан Смайылов «АрселорМиттал Теміртауға» қандай талап қойылғанын айтқан болатын.