Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі қаза тапқандар мен жараланғандардың ішінде қазақстандықтардың бар-жоғы анықталып жатқанын хабарлады
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Ыстанбұлдағы жарылысқа қатысты мәлімдеме жасады.
Төтенше оқиға салдарынан қаза тапқандар мен жараланғандардың ішінде қазақстандықтардың бар-жоғы анықталып жатқанын хабарлады.
«Түркияның құқық қорғау органдарының хабарлауынша, жексенбі, 13 қарашада Ыстанбұлдың туристік орталығында жарылыс болып, оның салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар. Алдын ала ақпаратқа сәйкес, 4 адам қаза тапты, 38 адам жарақаттанды.
Ыстанбұлдағы ҚР Бас консулдығы жарылыс құрбандары арасында Қазақстан азаматтарының бар-жоқтығы туралы ақпаратты анықтау үшін Түркияның құзыретті органдары мен қала мэриясымен байланыста», - делінген СІМ мәлімдемесінде.
Айта кетейік, бұған дейін Ыстанбұлдағы орталық көшелердің бірінде болған жарылыстан 4 адам қаза тауып, 38 адамның жарақат алғанын хабарлаған болатынбыз. Ал қазіргі кезде жарылыстан қаза тапқандар саны 6-ға жетіп, 53 адам жараланғаны анықталды.