Бір тәулікте 39 адамнан коронавирус анықталды

Халық үні

Инфекция жұқтырған екі адам өте ауыр жағдайда жатыр

фото: Pascal Guyot

Елімізде бір тәулікте 39 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Бұл туралы денсаулық сақтау министрлігі хабарлады.

Министрліктің хабарлауынша, 12 қарашада инфекция жұқтырғаны анықталмаған тағы бес адам медициналық көмекке жүгінген.

2022 жылдың 13 қарашасындағы ақпарат бойынша, 818 адам коронавирус инфекциясынан емделіп жатыр. Оның ішінде 79 пациент стационарда, 739 науқас амбулаториялық деңгейде ем қабылдап жатыр.

Коронавирус жұқтырғандар арасында жеті 7 адамның жағдайы ауыр, 2 пациенттің жағдайы өте ауыр деп бағаланған. 2 науқас жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.

Айта кетейік, 11 қарашада 59 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды.

Қазақстанда коронавирусқа қарсы 570 мың дозы вакцина бар. Жыл соңына дейін Венгриядан гуманитарлық көмек ретінде 210 мыңнан астам Pfizer вакцинасы келеді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, елімізде коронавирус бойынша жағдай тұрақты. Республика бойынша соңғы екі аптадағы көрсеткіш 9 пайызға төмендегені байқалады. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің эпидемиологиялық бақылау басқармасының бас сарапшысы Мейірім Сұлтанованың айтуынша, күн сайын жаңа 50 науқастан тіркеліп отыр.