Әр қазақстандық мемлекеттік тілді білетіндей жағдай жасаймын – Жигули Дайрабаев

Дәурен Ерболат

Жигули Дайрабаев телевизиялық дебатта сайлауалды бағдарламасын таныстырды

Фото: eldala.kz

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы» қоғамдық бірлестігінен Қазақстан президенттігіне ұсынылған кандидат Жигули Дайрабаев сайлауалды бағдарламасын таныстырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ол мемлекетті дамытудың жаңа моделін 3 негізгі бағыттан тұратынын атап өтті.

Біріншіден, тек біздің ұлтымызға тән дала демократиясының принциптерін орнату. Нарыққа қарық болайық деп осы құндылықтарың бәрін жоғалдып алдық. Алтын бесігіміз ауылдан шыққан адамды менсінбейтін халге жеттік. Қарапайым еңбек адамын қастерлеуді қойдық. Осының бәрін қайта жаңғыртатын кез келді. Мен Ата заңымыздың басты қағидаты – билік халыққа ғана тиесілі болуын сөз емес, іс жүзінде жүзеге асырамын, - деді үміткер дебатта.

Ол қарапайым еңбек адамын рөлін арттыруға бар күшін салатынын жеткізді.

«Әр адамның азамат болуып қалыптасуында тынымсыз еңбек ететін мұғалімдердің, жан мен тәніміздің сақшысы болып жүрген дәрігерлердің, ел рызығын молайтып отырған ауыл еңбеккерлерінің беделін бәрінен жоғары қойып, қайта асқақтатамын», - деді Жигули Дайрабаев.

Кандидат сайлауалды бағдарламасының 2-бағыты сана-сезімді жаңартып, әр қазақстандықты жоғары мәдениеттілікке шақыруға арналғанын жеткізді.

«Біз – үлкенді ардақтап, кішіге қамқор бола білген елміз. Жау мен дауды бір сөзбен тоқтатқан дана халықпыз. Әр қазақстандық бесігінен жақсы тәлім алса, қулықпен тапқан байлыққа, арам ақшаға жастайынан жиіркенішті қараса, сонда ғана оңаламыз. Аналардың көңілі далада емес, балада болуы керек. Сондықтан оларға қолайлы жағдай жасауға міндеттеміз. Тілімізді жоғалтсақ, ұлтымызды жоғалтамыз. Сондықтан маған дауыс берсеңіздер, ана тіліміздің мәртебесін арттырамын, әр қазақстандық мемлекеттік тілді білетіндей жағдай жасаймын», - деді ол.

Президентікке үміткер 3-бағыт ауыл шаруашылығын дамытуды көздейтінін жеткізді.

«Қазақстанды ауылдары дамыған, аграрлы державаға айналдыруды көздеймін. Кәсіпті қолға алып, елді асыраймын дейтіндерге жол ашық болуы керек. Оған қажет бастапқа капитал – субсидия, несие ешқандай кедергісіз берілуі тиіс. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген фермерлер, салықтың барлық түрінен босатылсын... Егістік алқабын игеруге міндеттіміз. Мен оның жолын білемін. Ауыл – қазақтың қаны, жаны, тамыры. Ауылдардың жабылуына жол бермеймін. Бүгінгі ауыл шаруашылығы жағдайының халі мәз емес. Мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мәртебесін арттырамын», - деп түйіндеді сөзін Жигули Дайрабаев.

Дебатқа 6 үміткер қатысып жатыр:

  • Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың орнына қоғамдық штабтың басшысы, мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов;
  • Қарақат Әбден;
  • Нұрлан Әуесбай;
  • Жигули Дайрабай;
  • Мейрам Қажыкен;
  • Салтанат Тұрсынбекова.

Айта кетейік, пікірсайысқа қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысқан жоқ. Пікірталасты ұйымдастыруға 63 млн теңге бөлінді. Дебат 4 раундтан тұрды:

  • Сайлауалды бағдарламаның таныстырылымы;
  • Пікірсайыс сессиясы;
  • Сайлаушылардың сұрақтары;
  • Сайлаушыларға үндеу.

Кезектен тыс президент сайлауы 20 қарашада өтеді.