×

Жетісу облысында инфекция жұқтырған 62 бала ауруханада жатыр: дәрігерлер дабыл қақты

Облыс ауруханаларында 90-ға жуық адам ем алып жатыр

 Халық үні 10.11.2022 | 17:24
Фото: sputnik.kz

Жетісу облысында жедел респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар күрт көбейді, деп хабарлайды Halyq Uni.

Облыста екі ай ішінде ЖРВИ жұқтырған 9 800-ден астам адам тіркелді. Былтырмен салыстырғанда эпедимиологиялық жағдай күрделене түскен. Бір жылда науқастар саны 23,9%-ға артқан. Соған байланысты Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасы өкілдері дабыл қақты.

Олар тұрғындарды аурудың алдын алу шараларын күшейтуге шақырды.

115 адам тұмау жұқтырған. Облыс ауруханаларына қазаннан бері 1 237 адам жатқызылып, ем-дом қабылдады. Оның ішінде 188 жүкті әйел мен жасқа толмаған 78 бала бар, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Алмагүл Кенжеғұлова.

Кейінгі дерек бойынша, қазір ауруханаларда ЖРВИ жұқтырған 87 адам ем алып жатыр, арасында 62 бала бар.

Айтуынша, өңірде профилактикалық шараларға жергілікті бюджеттен 92 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген.

«Бұл қаржыға 93 500 дана екпе алынды. Қазір өңірде ресейлік «Гриппол»» вакцинасы ерікте түрде қабылдаймын деген тұрғындарға тегін салынып жатыр. Жалпы ЖРВИ мен тұмауға қарсы екпе баланың алты айлық кезінен бастап салынады. Жүкті әйелдер екінші және үшінші триместрде екпе салдыра алады», - дейді мамандар.

Сондай-ақ вакцина ең алдымен инфекцияны тез жұқтыруы мүмкін топтағы азаматтарға салынады.

Биыл 85 мыңнан астам жетісулық ЖРВИ мен тұмауға қарсы вакцина салдырды. Оның ішінде 19 784 бала, 2 041 жүкті әйел және жабық мекемелерде тұратын 1 139 адам бар.

Әмина Құдайберген, Жетісу облысы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама