Президент шахтада қаза тапқан жұмысшылардың отбасына көңіл айтты
Мемлекет басшысы қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырды
Президент «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында қаза тапқан жұмысшылардың отбасыларына көңіл айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы «АрселорМиттал Теміртау» АҚ шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
«АрселорМиттал Теміртау» акционерлік қоғамының шахтасында болған апат салдарынан қаза тапқан жұмысшылардың отбасылары мен жақындарының қайғысына ортақтасып, көңіл айтамын. Зардап шеккен азаматтардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Үкіметке және Қарағанды облысының әкіміне апат себептерін анықтау үшін шұғыл шаралар қабылдауды, қайтыс болған және зардап шеккен азаматтардың отбасыларына тиісті көмек көрсетуді тапсырдым, – деп жазылған жеделхатта.
Еске сала кетсек, бұған дейін шахтадағы апат кезінде 5 адам қаза тауып, аталған жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғалғаны туралы хабарлаған болатынбыз.