Екі ел арасындағы аумақтық суларды және балық аулау аймақтарының шектес учаскелері бөлінді
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түрікменстан шекарасын бекітуге қатысты заңға қол қойды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы мен Түрікменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Бұл шартқа 2021 жылғы 25 қазанда Ашхабад қаласында қол қойылған.
Шарттың мақсаты – Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы аумақтық суларды және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу. Түрікменстан жағы аталған шартты биыл 17 сәуірде ратификациялады. Құжаттың ратификациялануы және күшіне енуі оңтүстік межелерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді.
Шартты ратификациялау нәтижесі – екі елдің мемлекеттік шекарасында өзара құрмет, сенім, тең құқық, достық және ынтымақтастық рухында шекаралық мәселелерді реттеу бойынша тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету болады.
Еске сала кетсек, бұған дейін Сенатта аталмыш заңның қабылдағаны туралы хабарлаған болатынбыз.