×

Қазақстан мен Түркіменстан шекараны бекітуге келісті

Екі ел арасындағы аумақтық суларды және балық аулау аймақтарының шектес учаскелері бөлінеді

 Дастан Жұмабекұлы 20.10.2022 | 17:55
фото: ашық дереккөз

Парламент Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы Каспий теңізіндегі Қазақстан-Түрікменстан мемлекеттік шекарасын межелеу және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу туралы шартты ратификациялау туралы» Заң қабылданды.

Бұл шартқа 2021 жылғы 25 қазанда Ашхабад қаласында қол қойылған.

Шарттың мақсаты – Қазақстан мен Түркіменстан арасындағы аумақтық суларды және балық аулау аймақтарының шектес учаскелерін бөлу. Түрікменстан жағы аталған шартты биыл 17 сәуірде ратификациялады. Құжаттың ратификациялануы және күшіне енуі оңтүстік межелерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасын делимитациялау үдерісін толық аяқтауға мүмкіндік береді.

Шартты ратификациялау нәтижесі – екі елдің мемлекеттік шекарасында өзара құрмет, сенім, тең құқық, достық және ынтымақтастық рухында шекаралық мәселелерді реттеу бойынша тұрақтылықты одан әрі қамтамасыз ету болады.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, құжат Каспий теңізіндегі Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы мемлекеттік шекара сызығын айқындау және балық кәсіпшілігі аймақтарының аражігін ажырату мақсатында әзірленген.

«Осы Заң Қазақстанның Түркіменстанмен мемлекеттік шекарасын делимитациялау процесін аяқтауға және екі мемлекет арасындағы Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекараларды заңды түрде бекітуге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта заң екі ел арасындағы тату көршілік қатынасты одан әрі нығайтуға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді деп сенеміз», –  деді М. Әшімбаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама