Бұған дейін 305 шенеуніктің казинода көзге түскені хабарланды
Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жекелеген мемлекеттік қызметшілердің құмар ойындарға қатысу мәселелері бойынша тиісті тексерулер жүргізіп жатыр.
Агенттіктің хабарлауынша, мемлекеттік қызметшілер тарапынан бұзушылық анықталған жағдайларда нақты шаралар қолданылатын болады.
Мемлекеттік қызметшілердің моральдық-әдептілік бейнесіне қойылатын талаптар ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінде айқындалған.
«Кодекске сәйкес мемлекеттік қызметшілер өз қызметінде мемлекеттік биліктің беделіне және мемлекеттік қызметке кір келтіретін әрекеттерге бармай, кез келген жағдайда әдеп нормаларын сақтап, бірінші кезекте елдің, мемлекеттің мүддесіне қызмет етуге тиіс», - делінген агенттік хабарламасында.
Айта кетейік, осыған дейін Алматы облысының прокуратурасы 305 мемлекеттік қызметкердің құмар ойынға 507 млн теңге жұмсағанын хабарлаған еді:
Жоғарғы cот жанындағы Соттардың қызметін қамтамасыз ету департаменті басшысының орынбасары Елдос Жұмақсанов әлеуметтік желіде жарияланған Алматы облысы прокуратурасының хатына түсініктеме беріп, Жоғарғы соттың 7 өкілінің ойын мекемелеріне барғаны туралы ақпарат шындыққа жанаспайтынын жеткізді.