Қаза тапқандар саны 151 адамға жетті
Қасым-Жомарт Тоқаев Корея Республикасының Президенті Юн Сок Ëльге Сеулде болған қайғылы оқиға салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты.
Сеул қаласының Итэвон ауданында көптеген адамның қаза тапқаны жөніндегі суыт хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан қайтыс болғандардың жақындары мен туыстарының қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамын. Ал жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай ауыр сәтте еліміздің азаматтары және өзім Корея халқының орны толмас қайғысын бөлісіп, олармен бірге екенімізді айтқым келеді, – деп жазылған жеделхатта.
Естеріңізге сала кетейік, кеше Сеулдің Итэвон ауданында тойланған Хэллоуин мерекесінде адамдар тар көшеде бірін-бірі таптап тастаған болатын. Соған байланысты, ел президенті Юн Сок Ёль бүгін Ұлттық аза тұту күнін жариялап, мемлекеттік тулар төмен түсірілді.
Қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың арасында Қазақстан Республикасының азаматы, 1996 жылы туған, Ақтөбе облысының тумасы табылды. Ол Корея Республикасының жоғары оқу орындарының бірінің студенті болған.