Тергеу соты Мәсімов пен Садықұловты қамауға алу мерзімін 2022 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартты
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның бұрынғы орынбасары Әнуар Садықұловты қамауға алу мерзімі ұзартылды. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ресми мәлімет бойынша, тергеу соты Мәсімов пен Садықұловты қамауға алу мерзімін 2022 жылдың 6 желтоқсанына дейін ұзартты.
«Дәулет Ерғожинді қамауда ұстау мерзімі 2022 жылдың 13 желтоқсанына дейін, Марат Өсіповті 2022 жылдың 22 желтоқсанына дейін ұзартылды. Д.М. Акипов пен Н.К. Бекмұратқа ешқайда кетпеу туралы жазбаша міндеттеме түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды», - деп хабарлады Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қазіргі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің экс-төрағасы Кәрім Мәсімов қылмыстық істің материалдарымен танысып жатыр. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев хабарлаған болатын.
25 тамызда ҰҚК Кәрім Мәсімов пен оның орынбасарларына қатысты қылмыстық істі тергеуді аяқтағанын хабарлады.
Қаңтар оқиғасынан кейін Кәрім Мәсімовке мемлекетке опасыздық жасады деген айып тағылған еді. Ал 6 қаңтарда ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасы қызметінен босатылды.