Алматы облысында жоғалып кеткен 14 жастағы жасөспірім интернет пен байланыс жоқ жерден табылды

Халық үні

Оны Lider.kz еріктілері тауып алған

instagram.com/volontery_almaty_lider.kz

14 жастағы Қасейін Мұрал 11 қыркүйекте жоғалып кеткен. Полицейлер мен өңірдегі еріктілер оны бір айдан астам уақыт іздеген. Бүгін жасөспірімнің аман-есен табылғаны белгілі болды. 

Оны Lider.kz еріктілері тауып алған.

Еріктілер қозғалысының Алматы және Алматы облысы бойынша үйлестірушісі Дильмира Блац Orda.kz тілшісіне 14 жастағы жасөспірімді 20 күн бұрын даладан егде жастағы ер адам тауып алғанын айтқан.

Бізге ер адам хабарласып, 20 күн бұрын даладан үсті-басы су әрі кір-қожалақ ұл баланы тауып алғанын айтты. Жасөспірім Талғар ауданында тұратын отбасында болған. Онда интернет пен байланыс жоқ болғандықтан, егде жастағы ер адам баланы іздеп жатқанын білмеген. Бала да ештеңе айтпаған. Бүгін оны іздестіріп жатқанын көріп қалып, бірден бізге хабарласқан, — дейді ол. 

Мұрал қандастар отбасынан. Дені сау.

Айта кетейік, бұған дейін Алматы облысында шөп шабуға шыққан 14 жастағы жасөспірім із-түзсіз жоғалғанын хабарлаған болатынбыз.