Хаменованың ісі: кеңесу бөлмесінен оралған судья мәлімдеме жасады

Халық үні

Бақытгүл Хаменова бұл өтінішті эмоционалды түрде қолдады

Фото: atpress.kz

Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың адвокаты Игорь Вранчев тергеу изоляторында отырған қорғалушысына бұлтартпау шарасын үйқамаққа немесе ешқайда кетпеу туралы қолхатпен ауыстыруды сұрады, деп хабарлады «Ақ Жайық» басылымы.

Бақытгүл Хаменова бұл өтінішті эмоционалды түрде қолдады.

«Білмеймін, адамдар бостандықта өздерін жақсы сезінетін шығар, бірақ түрмеде әр сағат, әрбір сәт – бұл уақыт, бұл адам тағдыры, сондықтан құрметті сот, мен адвокатымның уәждеріне қосыламын», – деді ол.

Прокурор Саматова қарсылық білдіріп, Хаменоваға тағылған айып ауыр қылмыс ретінде сараланғандықтан, өтінішті қанағаттандырудан бас тартуды сұрады. Судья Жұмағали Тәшімов кеңесу бөлмесіне шығып кетті. Қайтып оралған соң тағылған айыптың ауырлығын ескере отырып, адвокат Вранчевтің өтінішін қанағаттандырудан бас тарту туралы қаулы етті.

Келесі отырыс 27 қазанға белгіленді.

Айта кетейік, 21 қазандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істе жаңа мән-жайлардың пайда болғанына байланысты Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиевтің өзіне қысым жасалғаны туралы мәлімдемесін жоққа шығарды.