×

Хаменова ісі: мемлекеттік айыптаушы сот тергеуін қайта бастауды сұрады

Бұған дейін Ақылбек Рысқалиев өзіне Антикор қызметкерлері қысым жасағанын айтты

 Айгерім Таубай 21.10.2022 | 12:05
Коллаж: Халық үні

Атырау қаласының №2 сотында Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменованың ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр.

21 қазандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істе жаңа мән-жайлардың пайда болғанына байланысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады.

Айта кетейік, бұған дейінгі сот отырысында Ақылбек Рысқалиев (облыстық мәдениет басқармасының басшысы) бастапқыда берген жауабынан бас тартып, мәлімдеме жасады.

Ол сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі қызметкерлерінің айтқанын істегенін жеткізді.

«Мені Хаменовамен қалай сөйлесу қажет екеніне дайындады. Мен Адамов (Өміртай Адамов «Балқыту» ЖШС директоры – Halyq Uni), ақша туралы айтсам, Хаменова оны түсінбейтінін ескерттім. Ешқандай сезік тудырмайтындай етіп сөйлеп, ыммен сөйлесіп жеткізу қажет екенін айтты. Ең бастысы менің ақша алып келгенімді Хаменова түсінсін деді. Мені қалай дайындады, мен солай жеткіздім» - деді Рысқалиев.

Оның сөзінше, Антикор қызметкерінің бірі Хаменоваға қарсы жауап берсе, қорғалу құқығы бар куә болып қалатынын айтқан.

«Құрметті сот! Рысқалиевтің жауабынан кейін сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерінен – Изат Мұратова, Мақсат Мұратов және Мұрат Нұрмұхановтан онлайн режимде жауап алуды сұраймын», - деді мемлекеттік айыптаушы Лаура Асанова сот отырысында.

Ал Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболов прокурордың сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұрады. 

«Менің қорғауымдағы Рысқалиев сотта жауап берген кезде расымен де өзіне Антикор қызметкерлерінің қысым жасағанын айтты. Алайда нақты кімнің қысым көрсеткенін сұрағанымда адамдардың көп болғанын, сондықтан кімнің қай уақытта айтқанын білмейтінін жеткізді. Антикор қызметкерлерінен жауап алғаннан не шығады? Олар қысым көрсеткенін мойындамайтыны анық. Ал мемлекеттік айыптаушының сот тергеуін қайта бастау туралы өтініші әуре-сарсаңға салып, сот процесінің негізсіз созылуына әкеледі. Сол себепті прокурордың сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішін қанағаттандырмай, нақты сот процесін жалғастыруды сұраймын», – деді Нұрлан Жолболов.

Сот прокурордың өтінішін қанағаттандырды. Антикор қызметкерлері Рысқалиевке ешқандай қысым жасалмағанын, оны арнайы видеодан көруге болатынын айтты.

Келесі сот отырысы 27 қазанда өтеді.

ХАМЕНОВА ІСІ

2021 жылдың желтоқсанында Атырау облысы әкімінің сол кездегі орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.

Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.

2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.

Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырда түсті. Сот процесі 2022 жылдың 3 тамызында басталды.

Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов. 

Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.

Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды

Сот отырысының бірінде Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты. ​​​​​​

Серіктес жаңалықтары

Сараптама