Хаменова ісі: Антикор сотта мәлімдемесін өзгерткен куәгердің сөзін жоққа шығарды
Сот отырысында Ақылбек Рысқалиев іс барысында Антикордың қысым жасағанын айтқан
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысы сот отырысында куәгерлердің бірінің мәлімдемесін өзгерткеніне пікір білдірді, деп хабарлайды Halyq Uni.
Бұған дейін сот барысында Атырау облысы Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев тергеу барысында Антикор қызметкерленінің қысым көрсеткенін, Хаменованың 4,5 миллион теңгеге қатысы жоқ екенін мәлімдеді. Осылайша ол бұған дейін берген жауабын өзгертті.
«Агенттік Ақылбек Рысқалиевпен алдын ала адамдар тобында сөз байласу арқылы «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамовтан айтарлықтай мөлшерде пара алғаны үшін күдікті ретінде танылған Атырау облысы әкімінің орынбасары Хаменоваға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеруді аяқтады. Тергеу барысында Ақылбек Рысқалиев және Өмірбек Адамов ерікті түрде және тағайындалған қорғаушыларының қатысуымен тұрақты және дәйекті айғақтар берді, қылмысты ашуға және қылмыстық істің тергелуіне жәрдем көрсетті», - деп жауап берді агенттік Halyq Uni ресми сауалына.
Антикордың хабарлауынша, Рысқалиев пен Адамовтың айғағы жасырын тергеу әрекеті нәтижесімен келісіледі.
Жинақталған дәлелдемелер жиынтығы аталған тұлғалардың іс-әрекеттерін саралауға және істі сотқа жолдауға негіз болды. Пара беруші Өміртай Адамов та жауапкершілікке тартылды, - делінген ресми жауапта.
Агенттік тергеу кезінде Рысқалиевке қысым көрсетілгенін жоққа шығарды.
«Агенттік қызметкерлері қылмыстық істі тергеу барысында аталған тұлғаларға қатысты заңсыз тергеу тәсілдерін қолдануға жол берген жоқ», - делінген ақпаратта.
21 қазанда өткен сот отырысында Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболов прокурордың сот тергеуін қайта бастау туралы өтінішін қанағаттандырмауды сұраған еді.
«Менің қорғауымдағы Рысқалиев сотта жауап берген кезде расымен де өзіне Антикор қызметкерлерінің қысым жасағанын айтты. Алайда нақты кімнің қысым көрсеткенін сұрағанымда адамдардың көп болғанын, сондықтан кімнің қай уақытта айтқанын білмейтінін жеткізді. Антикор қызметкерлерінен жауап алғаннан не шығады? Олар қысым көрсеткенін мойындамайтыны анық», – деді Нұрлан Жолболов.
Halyq Uni Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен өз ұстанымын растайын дәлел жіберуді сұрады. Агенттік дәлел ретінде 2022 жылдың 12 қыркүйегінде Ақылбек Рысқалиевтің адвокаты Нұрлан Жолболовтың берген сұқбатын ұсынды.
«Іс бойынша жиналған дәлелдемелердің заңдылығы мен жеткіліктілігі жөнінде Рысқалиевтің қорғаушысы – Атырау облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Жолболов өтіп жатқан қылмыстық процесс пен қылмыстық іске баға берілген өзінің сұқбатында атап өтті», - деп жауап берді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Сұқбатта адвокат Жолболов ұсталғаннан кейін Рысқалиевтің бірден кінәсін мойындағанын айтқан. Сондай-ақ Рысқалиев пен Хаменованың әңгімесі арқылы Рысқалиевтің Антикорға берген жауабы расталғанын айтады.
«2021 жылдың желтоқсанында Рысқалиев ЖШС директорынан 4,5 миллион теңге алған. Екеуін де елорданың сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлері ұстады. Тергеу барысында ЖШС директоры Адамов ол ақшаны Рысқалиевке әрі қарай Бақытгүл Хаменоваға беру үшін бергені анықталды. Бұл жерде параны беруші, менің пікірімдегі ортадағы делдал және параны алушыны ұстаған Антикордың еңбегін айтпауға болмайды. (...) Ұсталғаннан кейін Рысқалиев бірден кінәсін мойындады, пара беруші Адамов та солай істеді. Рысқалиев тағы бір қатысушыны – Бақытгүл Хаменованы әшкерелеу мақсатында ынтымақтастыққа келісті. Антикор оны тиісті арнайы жабдықпен қамтыды. Әрі қарай нәтижесінде Хаменова мен Рысқалиевтің әңгімесі арқылы Рысқалиев берген жауабы расталды», - деген адвокат сұқбатта.
Сондай-ақ агенттік іс бойынша айыпталушылардың қаншалықты кінәлі екенін сот шешетінін атап өтті.
ХАМЕНОВА ІСІ
2021 жылдың желтоқсанында сол кездегі Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев ұсталды. Олар Абай ескерткішін орнатуға мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін 4,5 миллион теңге пара алды деген күдікке ілінді.
Келісімшарт облыстық мәдениет басқармасы мен «Балқыту» ЖШС арасында жасалған.
2021 жылдың 12 желтоқсанында Атырау қаласының мамандандырылған тергеу соты Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу шарасын қабылдаған. 22 желтоқсанда Атырау облыстық соты екі айға қамауға алу шарасын алды.
Хаменоваға қатысты қылмыстық іс Атырау қаласының №2 сотына 2022 жылдың 31 мамырда түсті. Сот процесі 2022 жылдың 3 тамызында басталды.
Процесс басында бұл істе Бақытгүл Хаменова және Ақылбек Рысқалиевтен бөлек үшінші айыпталушы бары белгілі болды. Бұл – «Балқыту» ЖШС директоры Өміртай Адамов.
Сот отырысына судья Жұмабек Тәшімов төрағалық етеді. Мемлекеттік айыптаушы – Атырау облысы прокуратура басқармасының прокуроры Лаура Асанова.
Екінші сот отырысында прокурор айыптау актісін оқыды.
Сот отырысының бірінде Бақытгүл Хаменова өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтты.
«Антикор маған келген алғашқы күннен кейін-ақ «кінәні мойындап, процессуалдық келісімге келіп, балаларыңызға барыңыз» деді. Егер осы шартты орындасам, олар сотпен мәселені шешетіндеріне, бас бостандығымнан айырылмайтыныма уәде берді. Егер менің тиіттей де кінәм болса, мен келісер ме едім? Бірақ менің арым таза, маған тағылған айыппен ешқашан келіспеймін», - деді Хаменова кезекті сот отырысында.
2022 жылдың 13 қазанында тараптардың жарыссөзі басталуы керек еді. Алайда жарыссөз басталмастан бұрын айыпталушының бірі – Ақылбек Рысқалиев бұған дейін сотта берген жауабын өзгертіп, Хаменованың пара алу-беру туралы білмегенін жеткізді.
21 қазандағы сот отырысында мемлекеттік айыптаушы істе жаңа мән-жайлардың пайда болғанына байланысты сот тергеуін қайта бастауды сұрады.