×

Әскери бөлім маңындағы кісі өлімі: сот жәбірленуші тараптың өтінішін қанағаттандырмады

Ерназар Қырықбаев Талдықорған шетіндегі әскери бөлім маңында оққа ұшқан

 Халық үні 21.10.2022 | 10:35
Halyq Uni

Алматы горнизоны әскери сотында Қаңтар оқиғасында оққа ұшқан 24 жастағы Ерназар Қырықбаевтың өліміне қатысты кезекті сот процесі өтті. Күдікті Марк Злуняевтің өтініші бойынша отырысқа БАҚ өкілдері қатыстырылмады.

Сот процесі барысында жәбірленуші тараптың адвокаты Қадыр Бересалған Марк Злуняевті қамауға алуды сұрады. Прокурор Данияр Естеуов Злуняевтің тергеу кезінде ешқандай заң бұзбағанын, қарсылық білдірмегенін алға тартып, оған қатысты кепілмен бостандықта жүру бұлтартпау шарасын өзгеріссіз қалдыруды сұрады. Оны күдіктінің қорғаушысы Гүлнар Валимова қолдады. Осыдан кейін судья Абдуллин Злуняевті қамауға алу өтінішін қанағаттандырмады.

Жәбірленуші тараптың адвокаты Қадыр Бересалған заң бойынша күдікті қамауда отыруы керек екенін айтады.

«Қылмыстық-процестік кодекстің 147-бабын («күдетпен ұстау») қолданып, Марк Злуняевті қамауға алу туралы өтініш білдірдім. Бірақ сот оны қамауға алмады. Негізі заң бойынша қамауға алынуға тиіс», – дейді Бересалған.

Қорғаушының сөзінше, сотта азаматтық талап-арыз түсіріп, жәбірленушіге әскери бөлім тарапынан моральдық және материалдық шығын өтеуді сұраған.

«Азаматтық талап-арыз деген бар. Ол – жәбірленушінің моральдық және материалдық шығындарын төлету. Сот барысында сол талап-арызды бердік. Сол арыз бойынша төлем төленеді. Қаза тапқан жігіттің айлық жалақысы, моральдық шығыны есептеледі. Қанша дегенмен бес бала жетім, әйелі жесір қалды. Бұл азаматтық кодекстің 921-бабында қарастырылған. Заң бойынша күдікті Злуняевтің жұмыс орны, яғни әскери бөлім шығындарды төлеуге міндетті», – деді Бересалған.

Қадыр Бересалғанның айтуынша, сот-медициналық сараптама Ерназар Қырықбаевқа оқтың сол жақ тұсынан тигенін көрсеткен. Оның сөзінше, бұл Қырықбаевтың әскери бөлім аумағынан бөлек жолмен жүргенін көрсетеді.

«Ол атпен мал іздеп шыққан. Оны Марк Злуняев көре салып, атқанға ұқсайды. Себебі оқтың барлығы сол жақтан тиген. Егер әскери бөлімге қарама-қарсы келе жатқан болса, оқ маңдайынан тимей ме? Мұның барлығы медициналық сараптама қорытындысымен анықталып отыр. Сондықтан бұл жерде мойындамау, жалған сөлеу негізсіз», – дейді адвокат.

Бастапқыда Ерназар Қырықбаевтың қазасына байланысты іс ҚР ҚК 99-бабы («адам өлтіру») бойынша қозғалған. Кейіннен ол 451-бапқа («қызметін асыра пайдалану») ауыстырылған. Егер күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ол бұл бап бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Айта кетейік, Ерназар Қырықбаев 5 қаңтарда мал жаюға шыққан. Талдықорған шетіндегі әскери бөлім маңында оққа ұшқан. Марқұмның артында 4 баласы қалды.

Есдәулет Қызырбекұлы, Алматы қаласы

Серіктес жаңалықтары

Сараптама