×

Қазақстан ғалымдарының жалақысы 70%-ға өсті

Реформалар 1200-ге жуық жетекші ғалымның жалақысын арттыруға мүмкіндік берді

 Динара Амантай 20.10.2022 | 15:06
Фото: kaz.tengrinews.kz

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қазақстандық ғалымдардың жалақысы 257 мың теңгеге дейін өскенін мәлімдеді деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, бұған дейін ғалымдардың жалақысы тұрақты болмаған және конкурстардың нәтижелеріне байланысты болатын. Енді олар гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған конкурстық рәсімдерге қарамастан тұрақты еңбекақы алатын болады.

Енгізіліп жатқан қаржы реформалары 1200-ге жуық жетекші ғалымның жалақысын 70%-ға, яғни 152 мың теңгеден 257 мың теңгеге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Бұл шаралар 74 ғылыми-зерттеу институтының кадрлық және ғылыми әлеуетін және отандық ғалымдардың құзыретін нығайтуға ықпал етеді.

Министрлік зерттеуші ғалымдарға қажетті жағдай жасауға ерекше көңіл бөледі. Ведомство ғалым мамандығының қаржылық тұрғыдан тартымды болуы және маңызды ғылыми идеялардың тұрақтылығы мен жүзеге асырылуына кепілдік беру үшін жүйелі жұмыс жүргізіп жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында іргелі ғылым мен зерттеу институттарын базалық қаржыландыру көлемін ұлғайту мәселесі шешілді. Ғылым туралы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізілді, – деп атап өтті Саясат Нұрбек.

Айта кетсек, қазір министрлік 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға, оның ішінде жас ғалымдарға арналған конкурстар жариялады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама