Алматыда Сақ дәуірінің жауынгері жерленген қорым табылды

Динара Амантай

Жауынгер 3 метрден аса тереңдіктен табылды

Фото: ашық дереккөз

Алматыда Сақ дәуірінің жауынгері жерленген қорым табылды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі, Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әкімдік өкілдерінің мәліметінше, Алатау ауданының аумағында орналасқан ерте темір дәуірінің қорғандарында археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Қазба барысында «Алматы қаласы музейлер бірлестігі» КМҚК-нің қызметкерлері б.з.д. V-II сақ дәуірінің жауынгері жерленген жартылай бұзылған жерді тапқан.

Қабір шұңқырында алтынмен безендірілген қылыштың сынықтары, аң бейнесіндегі суреттер бар алтыннан жасалған киімге арналған кірістірулер, сондай-ақ күміс қорытпасынан жасалған киімдер табылды. Жауынгер 3 метрден аса тереңдікте орналасқан ағаш қорапта болған.

Еске сала кетсек, бұған дейін Атырау өңірінен көне қалашықтың орны табылған. Сондай-ақ Ақмола облысында ерте темір дәуірі кезеңіндегі сақ жауынгері жерленген қорым, әшекей бұйымдар мен қару-жарақтар табылды.