Halyq Uni логотип
×

Министр қай өңірлердің жолдары өте нашар екенін айтты

Бүгінде жергілікті жолдардың 80%-ы талапқа сай келеді

 Дәурен Ерболат 17.10.2022 | 11:18
Министр қай өңірлердің жолдары өте нашар екенін айтты
Фото: 24.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қай өңірлерде жолдардың сапасы сын көтермейтінін айтты, деп хабарлады Halyq Unі тілшісі.

Оның айтуынша, облыстық және аудандық маңызы бар автожолдардың сапасын бақылау жергілікті атқарушы органдардың міндетіне кіреді.

Бүгінде жергілікті маңызы бар автожолдардың жалпы ұзындығы – 71 мың шақырым. Бұл – жолдардың 80%-ы нормативтік жағдайда (56 мың шақырым). Президенттің тапсырмасына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың 2025 жылға қарай жергілікті маңызы бар жолдардың 95%-ын нормативтік жағдайға келтіруі керек, - деді Қайырбек Өскенбаев Мәжілістегі Үкімет сағатында.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін 2025 жылға дейін жергілікті әкімдіктер 14 мың шақырым жергілікті жолды пайдалануға беруі тиіс. Ол үшін жыл сайын 400 млрд теңге көлемінде қаражат көзделген әрі жөнделген жолдарды күтіп ұстауға 85 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша жергілікті автожолдарды 85%-ға дейін нормативтік жағдайға жеткізу жоспарланып отыр. Бюджет кодексіне сәйкес, министрлік жергілікті жолдарды дамытуға трансферттерді тепе-тең негізде бөледі. Биыл жергілікті маңызы бар жолдарды салуға және реконструкциялауға 372,3 млрд. теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен 4,6 мың шақырым жолға жұмыс жүргізіліп жатыр. Құрылыс жұмыстарының шамамен 70%-ы орындалды», - деді министр.

Қайырбек Өскенбаев жергілікті жолдарды жөндеуге қаржы тепе-тең негізде бөлінетінін атап өтті. Алайда жолдары өте нашар 2 өңірге қаржы республикалық бюджеттен көбірек бөлінеді.

Яғни республикалық бюджеттен 50%, жергілікті бюджеттен 50% негізде жүзеге асырылады. Тек екі облыс жолдарының ең нашар жағдайына байланысты 70% және 30% қағидаты бойынша қаржыландырылады. Бұл – Батыс Қазақстан және Атырау облыстары, - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.

Айта кетейік, биыл ақылы жолдардан 4 млрд теңге түскен.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама