Данияр Мейірхан аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген
Полиция қызметкері Данияр Мейірхан жаңа қызметке тағайындалды. Ол енді Шымкент қаласы полиция департаменті патрульді полиция полкінің командирі қызметін атқарады, деп хабарлайды Halyq Uni.
«ІІшкі істер министрі Марат Ахметжановтың бұйрығымен Шымкент қаласы полиция департаменті патрульді полиция полкінің командирі болып полиция подполковнигі Данияр Мейірхан тағайындалды», - делінген Шымкент қаласы полиция департаменті таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін Данияр Мейірханның үстінен қозғалған қылмыстық іс тоқталғаны хабарланды. Бұл туралы адвокат Шімірбай Ағабеков мәлімдеді.
Биыл мамырда Түлкібас ауданы полиция басқармасының басшысы Данияр Мейірхан қызметінен уақытша босатылған еді. Ол аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады (Қылмыстық кодекстің 190-бабы, 4-бөлімі, 2-тармағы) деген күдікке ілінген болатын. Кейін ол 40 млн теңге кепіл беріп, босап шықты.
Адвокат Шімірбай Ағабеков Данияр Мейірханның үстінен қозғалған іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылғанын атап өтті.
Данияр Мейірхан 1981 жылы туған. Ішкі істер органдарында 2003 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Бұған дейін Түркістан облысы Түлкібас аудандық полиция басқармасының бастығы қызметін атқарған.