Балалар есірткіден уланған болуы мүмкін деген ақпарат расталмады
Қостанай облысының Рудный қаласында алты жасар егіз балалардың есірткіден уланған болуы мүмкін деген ақпарат тарады. Полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды.
«Балалар есірткіден уланған болуы мүмкін деген ақпарат расталмады», – деп хабарлады Қостанай облысы ІІД баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қостанай облысының полиция департаменті Рудный қаласында алты жасар ағайындылардың өліміне қатысты сотқа дейінгі тергеуді бастады.
Қостанай облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 12 қазанда екі ағайынды бала Рудный ауруханасына жедел жәрдем желісі бойынша түскен. Ауруханаға түскенде әлсіреп, денесі босаңсып, ұйқышылдық мазалайтынын айтып шағымданған. Бөлімшеге орналастырылған. Инфузиялық терапия жүргізілген. Жағдайы жақсарып, анасының талабы бойынша ауруханадан шыққан.
Анасы үлкен баласының үйде қараусыз қалуына байланысты балаларын ауруханадан шығарып алуға мәжбүр болған.
Клиникалық және зертханалық талдама нәтижесі ешқандай ауытқуды көрсетпеді. Ауруханадан шыққан кезде балалардың жағдайы бірқалыпты болған, ойнап жүрген. 13 қазанда таңертең үйіне кеткен. Сол күні, ауруханадан шығарылғаннан кейін арада 12 сағат өткенде қайтыс болған. Анасы үйіне келгенде балаларының денесін тауып алған. Шақыру орнына сағат 21.20-да жеткен жедел жәрдем бригадасы екі баланың да мерт болғанын тіркеді, - деп мәлімдеді облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Ксения Жылқыбаева.
Өлімнің себебі анықталып жатыр.
Соның ішінде токсикологиялық сараптама тағайындалды. Улы заттармен улану да жоққа шығарылмайды. Қажетті материал жиналып қойған. Токсикологиялық сараптаманың нәтижесі 12-14 күннен кейін белгілі болады”, - деп толықтырды баспасөз хатшысы.
Кейін белгілі болғандай, екі бала да ауруханадан шыққаннан кейін 12 сағаттан соң үйінде көз жұмған. Олардың мәйітін анасы үйінен тауып алған.
«Шақыру орнына 21.20-да жеткен жедел жәрдем бригадасы екі баланың да биологиялық өлімін тіркеді», – деді Жылқыбаева.
Айта кетейік, бұған дейін Рудныйдағы 6 жасар егіздердің өліміне қатысты желіде аудиожазба тарағанын хабарлаған болатынбыз.