Yutong компаниясы жылға жетпей істен шығып жатқан Петропавлдағы жаңа автобустарға түсініктеме берді

Самат Жақып

СҚО кәсіпкерінің техникалық қызмет көрсету талаптарын сақтамағаны айтылды

фото: Halyq Uni

Былтыр Петропавлда қала ішінде жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер лизингке жүз автобус сатып алған еді. Дегенмен, тасымалдаушылар арада жыл өтпей олардың жаппай істен шығып, жарамсыз болып қалған қоғамдық көліктерге қосалқы бөлшектер таппай жүргенін айтқан еді. Аталған жайтқа байланысты Yutong компаниясының өкілдері түсініктеме берді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Yutong - әлемдегі ең ірі кәсіпорындардың бірі. Онда жылына кем дегенде 50 мыңнан астам жолаушылар тасымалына арналған ұоғамдық көліктер шығарылады. Бүгінде Қазақстан бойынша аталған компания шывғарған 4000-нан астам автобус бар.

Қазақстандық QazTehna автобус зауыты 2019 жылы Yutong компаниясымен бірлескен кәсіпорын құрған. Олардың Қарағанды облысына қарасты Саран қаласында бірлескен өндірісі бар. Онда осы марканың 9 түрі құрастырылады. Ал кәсіпорындағы өндіріс пен сервис сапасын бақылауды бренд ұстаушының халықаралық мамандары жүзеге асырады. Бүгінде Қазақстанда қосалқы бөлшектер қоймасы да құрылған. Онда қазір 1 миллиард теңгеден астам сомаға 1200-ден астам бөлшектің түрі сақтаулы. Яғни, қазақстандық клиеттер үшін барлық жағдай жасалған.

Сонымен қатар, пайдалану шығындарын азайту және сервистік қызмет көрсету процестерін жеделдету мақсатында компания тасымалдаушылардың сервистік жұмыстарын өз бетінше жүргізу туралы сертификаттар беру туралы бастамасын қолдап отыр.

Ал Петропавл қаласындағы кәсіпкерлердің бірі QazTehna сервис-бақылауы мен Yutong компаниясы ұсынған техникалық қызмет көрсету жөніндегі талаптарды сақтамаған. Тіпті техникаға қосалқы бқлшектердің түпнұсқасын орнатпағандығын хабарлайды. Салдарынан өңірде осындай проблема туындап отыр.

«Компания өз тарапынан барлық кепілдік міндеттемелердің сақталуына баса назар аударады. Бұл сұрақ бойынша тексеріс жүргізілді. Әзірге тек бір тасымалдаушыда осындай сұрақ туындаған. Анықталғандай, ол техникалық қызмет көрсету талаптарын сақтамай отыр. Оның үстіне ол қосалқы бөлшектердің түпнұсқасын емес, өздігімен басқаларын салған. Негізінен мұндай проблемалар болса, компания сервистік қызмет көрсету паркінің мамандарды дереу жібереді», - делінген хабарламада.