Ұлттық валюта авторларының бірі президент сайлауына кандидат ретінде ұсынылды
Хайролла Ғабжалилов сайлау жарнасын төлеп, ОСК-ға құжаттарын тапсырды
Бүгін Орталық сайлау комиссиясына 20 қарашада өтетін кезектен тыс президент сайлауына «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінен Хайролла Ғабжалиловтің ҚР президенттігіне кандидат ретінде құжаттары ұсынылды.
Тапсырылған құжаттар тізбесі:
- «Оралмандардың «Асар» бірлестігі» республикалық қоғамдық бірлестігінің жоғары органы отырысының Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат болып ұсыну туралы хаттамасынан үзінді;
- Х.М. Ғабжалиловтің ҚР президенттігіне кандидат болуға келісімі туралы өмірбаяндық деректері қоса берілген өтініші;
- Орталық сайлау комиссиясының шотына сайлау жарнасының енгізілгенін куәландыратын құжат;
- Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
- Жоғары білімі туралы дипломының көшірмесі.
Хайролла Ғабжалилов 1950 жылы Қарақалпақстанда дүниеге келген. Танымал суретші, сәулетші, Қазақстанның төл ұлттық валютасы — теңге авторларының бірі.
Бұған дейін төл теңгеміздің авторларының бірі Хайролла Ғабжалилов Halyq Uni тілшісіне «теңгенің» пайда болу тарихы туралы естелігін айтып берген еді.