Кибершабуылдардың үдеуі елдегі сайлау кезеңінің басталуымен байланысты болуы мүмкін
Қазақстанда бір айда 20 млн-ға жуық кибершабуылға тойтарыс берілді, деп хабарлады «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ.
«Елімізде кибершабуылдарға тойтарыс беру жұмыстары жалғасып жатыр. Бүгінде қауіпті азайту үшін барлық желілік трафикті талдау және әрбір пакетті тексеру жұмыстары жүргізілуде. Киберқалқан зиянды трафик пен зиянды бағдарламаларды сүзу арқылы ішкі және сыртқы периметрлік шабуылдарға төтеп беріп келеді», - деп жазылған компания таратқан хабарламада.
«Мемлекеттік техникалық қызметтің» болжамынша, Қазақстанның қауіпсіздік жүйесіне кибершабуылдардың үдеуі елдегі сайлау кезеңінің басталуымен байланысты болуы ықтимал.
DDoS шабуылдар үшін әлем бойынша таралатын ботнет деп аталатын вирус жұққан компьютерлер мен IoT құрылғыларының желілері қолданылған. Қазір Cybershield күшейтілген режимде жұмыс істейді.
Айта кетейік, DDoS шабуылы – белгілі бір интернет-ресурсқа немесе интернет сегментіне ретсіз сұраныстар түріндегі арнайы бағытталған қуатты трафик ағыны. Шабуыл салдарынан интернетке қол жеткізу қиындайды (интернет қызметтерінің жұмысында кідіріс болуы мүмкін) немесе ол мүлдем жұмысын тоқтатады.
Айта кетейік, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин интернет жылдамдығының неге баяулап қалғанын түсіндірген еді.