«Ақ жол» партиясы да президенттікке Тоқаевтың кандидатурасын ұсынды

Халық үні

Астанада партияның съезі өтіп жатыр

Фото: sputnik.kz

«Ақ жол» демократиялық партиясы Қасым-Жомарт Тоқаевты кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Астанада «Ақ жол» демократиялық партиясының кезектен тыс ХІХ съезі өтіп жатыр.

Бұған дейін саяси ұйымның съезінде партия атынан сайлауға қатысуға ниетті үш адам белгілі болды. Үш үміткердің бірі – жетісулық журналист Сандуғаш Дүйсенова, мәжіліс депутаты Серік Ерубаев және «Ақ жол» ҚДП Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, кәсіпкер Асқар Садықов. Съезд барысында партия мүшелері үш кандидаттың бірін таңдауға немесе қоғамдық коалицияны қолдап, Қасым-Жомарт Тоқаевтың кандидатурасына дауыс беруге тиіс еді.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашевтың айтуынша, кезектен тыс президент сайлауын өткізу жарияланғалы партия атынан 6 адам сайлауға түсуге ниет білдірген. Бұл 6 адамның бірі – ірі бизнесмен. Ол партия атынан қатысқысы келген, бірақ пленум оның кандидатурасын қолдамаған. Тағы бір кісі бастама көтеріп, кейіннен қатыспауды ұйғарыпты. Тағы бір адам ұсыныс жасап, бірақ соңында бас тартқан.

Бұған дейін AMANAT партиясы да кезектен тыс президент сайлауына кандидат ретінде Қасым-Жомарт Тоқаевты ұсынды.

AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Қасым-Жомарт Тоқаевты президенттікке кандидат етіп ұсыну бастамасын көтерді.

«Біз өткенге кері қайтпауымыз керек. Ауқымды өзгерістер өзінің заңды жалғасын табуы тиіс. Ал мемлекет алдында тұрған ұлы мақсат-мұраттарға қол жеткізу үшін бізге лайықты көшбасшы керек. Сондықтан, президенттікке үміткер ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынамын!», - деді AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Делегаттар ұсынысты бірауыздан қолдады.