Президент сайлауға қандай ұйымның атынан қатысатынын айтты
Тоқаев науқанның әділ өтетініне кепілдік берді
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қарашада өтетін президенттік сайлауда белгілі бір ұйымның емес, үлкен коалиция атынан шығатынын айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Бүгін президент Павлодар облысы жұртшылығымен кездесті. Жиын барысында ол сайлау жарияланғаннан кейін дайындыққа жеткілікті уақыт өткенін айтып, үміткерлер ұсынылып, партиялар мен қоғамдық қозғалыстар белсенділік танытып жатқанына назар аударды.
Ішкі саяси өмірдің жанданғаны көрініп тұр. Біз барлық негізгі саяси институттарды жаңғыртатын жаңа электоралды кезеңге қадам бастық. Өздеріңізге мәлім, мен еліміздегі ең ірі AMANAT партиясының төрағасы қызметінен бас тарттым. Конституциялық реформа нәтижесінде президентке өз өкілеттігін атқару кезінде партия қатарында болуға тыйым салынды, – деді мемлекет басшысы.
Бұған қоса, ол өзінің алдағы сайлауға қандай ұйымның атынан қатысатынына қоғамның қызығушылық танытып отырғанынан хабардар екендігін айтты.
Ашығын айтайын, маған әртүрлі республикалық бірлестіктер мен партиялардан өздерінің атынан үміткер болу туралы ұсыныстар түсіп жатыр. Әсіресе, жастар және басқа да қоғамдық ұйымдардың бастама көтеріп жатқанына қуандым. Осының барлығы кейінгі 3,5 жылда жүзеге асырылып келген реформалар мен өзгерістерге қолдаудың айтарлықтай артқанын көрсетеді. Бірақ жасаған ұсынысы мен сенімі үшін, стратегиялық бағытыма белсенді қолдау көрсеткені үшін барлығына алғыс айтамын. Мен белгілі бір ұйымнан емес, елімізде жүргізіліп жатқан реформалардың әлеуметтік негізін қалыптастыратын қоғамдық-саяси күштердің үлкен коалициясының атынан сайлауға қатысқаным дұрыс болады деп ойлаймын. Сондай-ақ бұл мемлекет басшысының түрлі партиялардан, бірлестіктерден тең арақашықтық сақтау қағидатын нығайтуға мүмкіндік береді. Сайлау науқанын заңдарды қатаң сақтай отыра өткізуді қамтамасыз ету маңызды. Мен мемлекет басшысы ретінде президент сайлауының әділ әрі ашық өтетініне кепілдік беремін, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала кетсек, бұған дейін президенттікке кандидат Мейрам Қажыкеннің ОСК-ға құжат тапсырғаны туралы хабарлаған болатынбыз.