Елордада құрылыс краны құлап, бір адам қаза тапты

Ербол Тұрымбет

Осы оқиғаға қатысты арнайы комиссия құрылды

фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Нұр-Сұлтан қаласының аумағында, Есіл ауданы, Тұран даңғылы, 89/а мекенжайында құрылыс краны құлап, бір адам қайтыс болды. Оқыс оқиға 18 ақпанда сағат 17:07-де болған.

Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, салынып жатқан нысан аумағында QTZ 100 (2013 жылы шығарылған) мұнара краны секциясы сынып кетіп, кран құлап түскен. Салдарынан 1970 жылы туған қызметкер қайтыс болды.

Әкімдік тапсырмасы бойынша тиісті комиссия құрылмақ. Оның құрамында ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі салалық комитетінің өкілдері мен басқа да өкілетті мемлекеттік органдардың мамандары енетін болады. Комиссия техникалық талаптарға сай келмейтін мұнаралы крандарды тексереді.