×

Қарағандыда шина зауыты ашылады

Кәсіпорын жылына 3,5 млн доңғалақ шығарады

 Дастан Жұмабекұлы 05.10.2022 | 15:29
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапарында тұрмыстық техника шығаратын «Silk Road Electronics» және көлік доңғалағын шығаратын «KamaTyresKZ» зауыттарының және өнім түрлерімен танысты.

Биыл жыл соңына дейін «KamaTyresKZ» доңғалақ зауытын іске қосу жоспарланған. Кәсіпорын бастапқы кезде жеңіл және жеңіл жүк көліктеріне арналған доңғалақтар шығарады. Кейін жобаның екінші кезеңінде транспортер, конвейер лентасы сияқты резинатехникалық бұйымдар, ал үшінші кезеңінде ауыл шаруашылығы техникасы доңғалақтарын өндіре бастайды. Зауыттың жобалық қуаты жылына 3,5 млн доңғалақ шығаруға есептелген.

Қазіргі кезде зауыт серіктестерімен бірлесіп, өзіне қажетті мамандарды даярлауға кіріскен. Саран гуманитарлық-техникалық колледжінде 68 адам «Резина техникалық бұйымдар» және «Шина өндірісі» мамандығын игеруді бастады.

Ал құрылысы екі жылдан кейін аяқталуға тиіс «Silk Road Electronics» зауыты жыл сайын теледидар, электр сужылытқыш, шаңсорғыш, асүй плитасы мен желдеткіш секілді тұрмыстық техникаларды шығарады.

Зауыттың болашақ өнімдері қойылған шағын көрмені аралап шыққаннан кейін мемлекет басшысы зауыт басшылығымен әңгімелесті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама