Кейінгі екі аптада Қазақстанға 200 мың ресейлік келген
Ресейде ішінара мобилизация жарияланғаннан кейін Қазақстанда 70 мыңға жуық ресейлікке жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) берілді. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
21 қыркүйектен бері бері шамамен 70 мың ресейлік ЖСН алды, - деді министр Үкімет отырысынан кейін.
Бағдат Мусин ЖСН ел азаматтығын айғақтайтын нөмір емес, тек сәйкестендіруші құрал екенін тағы ескертті.
«Мемлекет үшін бұл келушілердің елде болуын, тіркелуін, жүріс-тұрысын, барлық іс-әрекетін қадағалау маңызды. Біз оларға нақты бір нөмір беріп, қайда барғанын, қандай қызмет алғанын, қанша айыппұлы бар екенін көреміз, яғни біздің міндетіміз – оларды ІІМ картасына енгізу ғана емес, қадағалаушы органдарымыздың оларды бақылай алуы. ЖСН – ел азаматтығын айғақтайтын нөмір емес, сәйкестендіруші құрал», - деді ол.
Айта кетейік, 21 қыркүйекте Ресей президенті Владимир Путин ішінара мобилизация жариялады. Содан кейін ресейліктер Қазақстан, Грузия мен Арменияға ағыла бастады.
Бұған дейін биыл Ресей 382 азаматы Қазақстанда тұрақты тұру үшін және 64 азаматы ҚР азаматтығын алуға құжат тапсырғаны хабарланды.
Ал ішкі істер министрлігі 21 қыркүйектен бастап Қазақстан аумағына қанша ресейлік кіргенін нақтылады.
«Бұл мәселе бақылауға алынған. Елімізге 200 мыңнан астам Ресей азаматы кірді. Бірақ оның 147 мыңы шығып кетті. Әрине, ішінара мобилизация жарияланған соң кептеліс болды. Кешеден бастап жағдай қалпына түсті. Мысалы, кеше 7 мыңнан аса ресейлік Қазақстанға кірді. 11 мыңға жуық Ресей азаматы елден шығып кетті. Сондықтан қазір келгендер шығып жатыр. Миграциялық ахуал бақылауда», – деді ішкі істер министрі Марат Ахметжанов.
Министр шекарадағы жағдай ЕАЭО келісімшарты аясында реттелетінін атап өтті.
«Қос тараптан да шекарадан өтушілерге шектеу жоқ және болмайды. Өйткені біздің Еуразиялық экономикалық одақ аясында құқықтық шартымыз бар. Құқықтық мемлекет болғандықтан бүкіл іс-қимылды осы заң шеңберінде жасаймыз», - деді ол.