Шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару: Антикор басшысы нақты нәтиже қашан болатынын айтты
Тоқаев шетелге заңсыз шығарылған ақшаны екі ай ішінде елге қайтаруды тапсырды
Бүгін Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров шетелге заңсыз шығарылған капиталды елге қайтару мәселесін көтеріп, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Марат Ахметжановқа сұрақ қойды.
«Президент тапсырмасынан кейін халық нақты нәтижені күтіп отыр. Шетелдегі қандай құзырлы органдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Заңсыз кеткен капиталды Қазақстанға қайтару процесі қанша уақытқа созылуы мүмкін?», - деп сұрады депутат.
Антикор басшысы Бұл мәселеде алдымен қылмыстық іс қозғалуы керегін айтып, шетелдік құзырлы органдарға құқықтық көмек беру үшін тапсырыс жіберілу керегін айтты.
Оған қоса, заңсыз шығарылған капиталды Қазақстанға қайтару процесі бойынша Бас прокуратураның бастамасымен тиісті топтар құрылды. Оның өкілетті органы – Қаржылық монитринг агенттігі, Бас прокуратура және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
«Біз санкциялап, тиісті сұраныс жібереміз. Бұл тұрғыда шетелдегі құқық қорғау органдары заңсыз шығарылған мүлікті зерделейді. Осы орайда біздің сұраныс бойынша санкциялап, шектеу қойылуға тиіс. Сосын сотталған кезде, бүкіл дәлелдерін берген кезде, заңсыз әрі қылмыс жолымен алынғаны нақтылағанда, олар бізге қылмыстық процеспен толық қайтаруға мүмкіндігі болады», - деп түсіндірді агенттік басшысы.
Еске салайық, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында шетелге заңсыз шығарылған капиталды екі ай ішінде елге қайтаруды тапсырды.