Басқарма төрағасы Ресей мен Ұлыбритания азаматы
«Бәйтерек» ұлттық холдингтің директорлар кеңесінің құрамына үш шетелдік азамат тәуелсіз директор болып отыр. Ал холдингтің басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың қос азаматтығы бар, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Қаңтардан кейін Қазақстанда басталған жаппай ауыс-түйіс кезінде «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингінің басқарма төрағасы болып Қанат Шарлапаев тағайындалған болатын. РФ-да дүниеге келген Шарлапаев банк секторында жұмыс істеген, оның ішінде ірі халықаралық қаржы ұйымы «Ситибанк» құрылымында еңбек еткен. Сонымен бірге ұлттық холдингтің қазіргі басқарма төрағасы Қанат Шарлапаевтың қос азаматтығы бар. Ол Ресей Федерациясы мен Ұлыбританияның азаматы.
Холдингтің мәліметінше, Шарлапаевтың Қазақстанда тұруға ықтиярхаты бар, әрі ҚР Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы және Халықтың көші-қоны туралы заңдарына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұру құқығына ие болған. Сондай-ақ ұйым 100 пайыз мемлекетке қарайтын компания басшысы шетелдік болғаны заңға қайшы келмейтінін мәлімдеді.
«ҚР Азаматтық кодексінің 3-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес, егер заңнамалық актілерде өзгеше көзделмесе, шетелдік жеке және заңды тұлғалар, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдар азаматтық заңдарда Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғалары үшін көзделген нақ сондай құқықтарға ие болуға құқылы және сондай міндеттерді орындауға міндетті. Шарлапаев Қанат Бисимбайұлы Басқарма «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Төрағасы лауазымына Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының ережелеріне сәйкес, оның ішінде жұмысқа орналастыру кезінде тыйым салулар мен шектеулерді сақтай отырып тағайындалды», - деді холдинг.
Белгілі болғандай, «Бәйтерек» холдингінің штатында шетелдік азаматтығы бар басқа штаттық қызметкерлер жоқ. Алайда басқару органы – холдингтің директорлар кеңесінің құрамына үш тәуелсіз директор – шетел азаматы кіреді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» қорына қарасты компаниялардың басшылары миллиардтап сыйақы алғаны хабарланған еді.