Елімізде миллионнан астам адам несиені өтеу мерзімін бұзған
Азаматтардың қарыздарының қатарында несиеден бөлек, коммуналдық және салық төлемдері бар
Бір миллионнан астам қазақстандық несие төлеу уақытын кешіктіріп отыр. Бұл туралы Қаржы министрінің бірінші орынбасары Марат Сұлтанғазиев мәлімдеді, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Несие бюросының ақпаратына сәйкес, бүгінгі таңда 1 миллионнан астам азаматтың несиені өтеу мерзімі бұзылған. Бірқатар қазақстандықтың коммуналдық төлемдер, салық төлемдері бойынша берешегі бар. Сондай-ақ борышкерде мүліктің болмауына байланысты шамамен 4 млрд теңге сомаға қайтарылған атқарушылық құжаттар бар, - деді вице-министр ОҚК брифингінде.
Оның айтуынша, қаржылық жағдайдың нашарлауы экономикалық дағдарыс пен карантин енгізу кезінде жұмысынан немесе еңбекке қабілеттілігінен айрылу, әл-ауқат деңгейінің төмендеуімен байланысты.
Бұған дейін Президент «Қазақстанда миллион адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Қарызға батқандар мен кедейлер үлесі артып бара жатыр» деген болатын.