×

Қазақстанда миллион адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді – Тоқаев

Президент қарызға батқандар мен кедейлердің үлесі артып бара жатқанын айтты

 Ербол Тұрымбет 08.02.2022 | 13:52
көрнекі фото: ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында халықтың табысын арттырып, табыс көлемі бойынша азаматтар арасындағы алшақтықты азайтуды тапсырды.

Сондай-ақ Президент елдегі орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген статистиканы «көзбояушылық» деп атады.

«Қазіргі таңда 1 миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді. Бұл - соңғы 10 жылдағы ең нашар көрсеткіш. Сөйте тұра орташа жалақы мен жан басына шаққандағы табыс көлемі ұдайы өсіп келеді деген көпірме есеп берілуде. Бұл - нағыз көзбояушылық. Менің тапсырмам бойынша халықтың табысын арттыруға арналған бағдарлама әзірленіп жатыр. Бұл құжатта тұрғындардың кірісін көбейтумен қатар орынсыз шығынын азайтатын тың шаралар қарастырылуға тиіс», - деді Президент.

Президенттің айтуынша, соңғы уақытта халық табысы экономикалық өсім әсерінен емес, әлеуметтік трансферттер есебінен артқан. Қазір тек әлеуметтік жәрдемақы мен зейнетақыға өмір сүріп жүргендер аз емес.

Соңғы 5 жылда халықтың жалпы табысында еңбек табысының үлесі 80%-дан 67%-ға кеміп қалды. Ал әлеуметтік трансферттер 17%-дан 29%-ға дейін өсті. Халықтың табысы жалақыға емес, бюджет шығынына қарап қалғаны осыдан-ақ көрінеді. Қарызға батқандар мен кедейлер үлесі артып барады, - деді Тоқаев.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама