×

Қарағандылық кеншілер де жалақыны көтеруді талап етіп жатыр

Жұмыстың ауыр екенін ескерген депутат, кеншілердің зейнет жасын төмендету керек деп санайды

 Еркеғали Болатұлы 19.08.2022 | 10:16
фото: AMANATпартиясының баспасөз қызметі

Кеше өңірлерді аралап жүрген Мәжіліс депутаттарына қарағандылық кеншілер өз шағымдарын айтты. Олар басшылықтан жалақыны өсіруді талап етіп отыр.

Қарағанды қаласына ат басын Мәжіліс депутаты Тілектес Адамбеков тіреген еді. Жұмыстың ауыр екенін ескерген ол, кеншілердің зейнет жасын төмендету керек деп санайды. Ал қазір «Қорғау» кәсіподақ ұйымы тау-кен кәсіпорнының басшылығымен жалақыға қатысты келіссөздер жүргізіп жатқан көрінеді.

Зейнет жасын төмендету керек. Тым болмаса кеншілер сезінетіндей аз мөлшерде болса да. Бізде зейнетке ерте шығатын мамандық иелері бар. Мен ол кәсіптерді соншалықты ауыр деп айта алмаймын. Оларды кеншілер мен металлургтердің жұмысымен салыстыруға да келмейді, - деді Тілектес Адамбеков.

Оның айтуынша, бұл мәселені Үкіметте құрылған арнайы жұмыс тобы қарап жатыр екен.

«Енді өңірге министрлер де барып, кеншілердің жағдайын өз көздерімен көруге тиіс», - дейді депутат.

Еске сала кетсек, кеше Маңғыстау мұнайшылары да басшыларынан жалақыны көтеруді талап етіп, кезекті рет ереуілдеткен еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама