Мүгедектер мен зейнеткерлердің ақшасын жымқырған Қарттар үйінің қызметкерлері ұсталды

Қымбат Елтайқызы

Қарағанды облысында зейнетақы және жердемақы қаржысын жымқыру фактісі анықталды

фото: Қаржылық мониторинг агенттігі

Қаржылық мониторинг агенттігінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаменті Qamqor жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қарттар үйі тұрғындарының, солардың ішінде 30 мүгедектің және 60 зейнеткердің зейнетақы төлемдері мен жәрдемақыларын ұрлаудың қылмыстық схемасы анықталды.

Қарттар үйінің қызметкерлері 5 жыл бойы «Қазпошта» филиалының көмегімен зейнеткерлер мен мүгедектерге арналған жәрдемақы және зейнетақыны өздеріне иеленген. Биылғы 18 қаңтарда жедел-iздестiру іс-шарасы нәтижесінде қылмыскерлер пәтерлердің бірінде 1,3 млн теңге көлеміндегі ұрланған қаражатты өзара бөлісу кезінде, яғни қылмыс үстінде ұсталды. Іс жүзінде бұл ақша биылғы қаңтарда 25 зейнеткер мен мүгедекке төленетін әлеуметтік төлемдерге арналған, – дейді Қаржылық мониторинг агенттігі.

Аталған факт бойынша қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 3-тармағымен қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.