×

Елдегі бүлік кезінде 400 жуық ғимарат қиратылды

Әлихан Смайылов кәсіпкерлерге келген залалды өтеу жұмыстарын тездетуді тапсырды

 Айнұр Шошаева 22.01.2022 | 16:37
коллаж: Halyq Uni

Премьер-министр үкіметтің цифрлық кеңсесінде орталық мемлекеттік органдар басшыларының және өңірлер әкімдерінің қатысуымен Мемлекет басшысының осы жылдың басынан бері берген тапсырмаларын іске асыру жөнінде кеңес өткізді.

Елдегі тәртіпсіздік кезінде 351 жылжымайтын мүлік нысаны зардап шекті. Оларды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу қажет. Оның ішінде 8 өңірдегі 45 мемлекеттік орган ғимараты және 306 коммерциялық нысан бар. Олар Алматы, Шымкент қалаларында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Атырау, Ақтөбе және Шығыс Қазақстан облыстарында орналасқан.

Бизнеске алдын ала келген шығын мөлшері 98,1 млрд теңгені құрайды. Оның 97%-ы Алматы қаласына тиесілі.

Үкімет басшысы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне өңірлер әкімдіктерімен бірлесіп, белгіленген мерзімде бүлінген ғимараттарды техникалық-сараптамалық тексеруден өткізу және жөндеу құнын бағалау жұмыстарын аяқтап, қажетті құжаттаманы Қаржы министрлігіне енгізуді тапсырды.

Тәртіпсіздіктен келген залалды бағалау жөніндегі үкіметтік комиссияға жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, залалды бағалауды жедел аяқтау және зардап шеккен бизнес субъектілерінің тізімі мен оларға келтірілген залал көлемін Ұлттық экономика министрлігіне жіберу тапсырылды.

Үкімет апта сайын зардап шеккен кәсіпкерлерге жедел көмек көрсету үшін қаражат бөлу бойынша қажетті шараларды жүргізуге дайын, - деді Смайылов. 

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама