×

Үкімет зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтейді

Төлем ақпаннан бастап жасалмақ

 Халық үні 21.01.2022 | 09:00
фото: Нalyq Uni

Жекелеген өңірлердегі тәртіпсіздік салдарынан келген залалды жою мәселелері жөніндегі үкіметтік комиссия ШОБ өкілдеріне келген шығынды өтеу тетігін бекітті. Үкімет резервінің қаражаты кәсіпкерлік субъектілеріне төлем жасау үшін жергілікті атқарушы органдарға жіберіледі.

Жылжымайтын, жылжымалы мүлік бойынша, сондай-ақ жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша келтірілген залал өтеледі. Зақымдалған жылжымайтын мүліктің орнын толтыру бекітілген сметалық құжаттама негізінде жүзеге асады.

Бүлінген немесе жойылған жылжымалы мүлік және тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша өтеу әкімдік және/немесе «Күшіміз бірлікте» зардап шеккен бизнесті қолдау қоры айқындайтын бағалау және аудиторлық компаниялар дайындаған бағаға сәйкес жүргізіледі. Жоғалған (ұрланған) тауарлық-материалдық құндылықтар бойынша өтеу сомасы растайтын құжаттардың негізінде, ал олар болмаған жағдайда – кәсіпкерлік субъектісінің 2021 жылғы орташа айлық айналымы түрінде айқындалады.

Жоғалған немесе бүлінген мүліктің құнын өтеу үшін InfoKazakhstan.kz платформасында тиісті өтініш беру керек. Залалды бағалауды және өтелетін құнның мөлшерін айқындауды мүлікке келтірілген зиянды анықтау жөніндегі өңірлік комиссиялар және «Күшіміз бірлікте» қорының өтінімдерін қарау жөніндегі комиссиялар жүргізеді.

Кәсіпкерлердің өтініштері 5 күнтізбелік күн ішінде қаралады. Мақұлданған жағдайда тиісті қаражат өтініш берушіге аударылады. Кәсіпкерлерге биылғы ақпан айынан бастап төлем жасау жоспарланған.

Бұған дейін үкімет бизнеске келген залалды өтеу механизмін бекіткен болатын.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, Президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері қаза тауып, жарақаттанды. Ғимараттар мен көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама