Мұғалімдердің 28 млрд теңге еңбекақысы бір аптада төленеді – вице-министр
Маусым айынан бастап әкімдіктер педагогтерге 246 млрд теңге көлемінде еңбек демалысының ақысын уақытылы аударған
Оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдердің еңбек демалысының ақысын төлеу мәселесі шешілетінін айтты. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Маусым айынан бастап әкімдіктер педагогтерге 246 млрд теңге көлемінде еңбек демалысының ақысын уақытылы аударған. Мұғалімдердің көпшілігіне жалақы толық төленген. Алайда, бірнеше өңірде 28 млрд теңге қаражат уақтылы аударылмаған.
Еңбек демалысы мен ай сайынғы еңбекақы жергілікті бюджет есебінен (әкімдіктер) төленеді. Министрлік бірқатар өңірде 28 млрд теңге көлеміндегі қаражат уақтылы аударылмағанын анықтады. Басты себеп – қаржы жетіспеушілігінен емес, керісінше жергілікті деңгейдегі жұмыстар мен рәсім мәселелеріне байланысты болып отыр. Бұл мәселелер толығымен жергілікті білім басқармаларының құзыретіне жатады. Сондықтан мұндай мәлімдемелерге жауапкершілікпен қарап, кейбір мәселелердің қай мемлекеттік органдардың құзырында екенін ескеруді сұраймыз, – деді Ғани Бейсембаев.
Әкімдіктердің мәліметінше, төлем мәселесі бір апта ішінде шешіледі.
Айта кетсек, біз бұған дейін Оқу-ағарту министрлігінің мұғалімдерге 30 млрд теңге қарыз екенін жазған болатынбыз.