ҚМА блокчейн-аналитка құралдардын пайдаланып, әмияндарды тапты
Қазақстандықтардан қаржы пирамидасына криптоактивтер арқылы заңсыз тартылған 250 млн теңге шетелден қайтарылды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Айта кетсек, Қаржылық мониторинг агенттігі ТМД кеңістігінде алғашқы болып бұндай нәтижеге қол жеткізіп отыр. Агенттік заманауи IT-құралдарды пайдалана отырып, 2,5 ай ішінде қазақстандықтардың қаражатын криптовалютаға тартқан «Eolus» қаржы пирамидасын жойды.
Аталмыш компанияға еліміздің 12 өңірінен (Алматы, Астана, Шымкент, Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда, Орал, Көкшетау, Жетісу, Түркістан) 2,5 мыңға жуық салымшы тартылған.
Қаржы пирамидасының астаналық ұйымдастырушысының мүлкі тәркіленіп, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Қылмыскерлер іздерін жасырып, жиналған қаражатты кедергісіз иемдену мақсатында салымшылардан түскен барлық қаржыны көптеген транзиттік криптоәмияндарды пайдалану арқылы жасырған, – делінген ҚМА хабарламасында.
Агенттік заманауи блокчейн-аналитка құралдардын пайдалана отырып, барлық транзакцияларды анықтап, қылмыстық кірістер жөнелтілген негізгі әмияндарды тапты. Ұрланған қаражат Агенттіктің арнайы шотына аударылып, одан әрі жәбірленушілерге келтірілген залалды өтеу үшін жіберіледі.