Күдіктілердің 80,5 миллион теңге жымқырғаны анықталды
Түркістан облысында «Не работа» атты қаржы пирамидасын ұйымдастыру дерегі анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.
ҚМА-ның Түркістан облысы бойынша аумақтық департаменті аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ұйымдасқан топ 2019-2021 жылдар аралығында кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыру үшін тартылған қаражатты өз бағытына пайдаланбай, жеке тұлғалардан қаржылық пирамидаға активтерді тартуды қамтамасыз етті. Пирамидаға тартылған қаражат сомасы 80,5 млн теңгені құрады, – делінген хабарламада.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге мәліметтер жария етілмейді.
Агенттіктің мәліметінше, жыл басынан бері қаржы пирамидаларын ұйымдастыру фактісі бойынша 38 істі тіркеген.
Екске сала кетсек, бұған дейін қаржы пирамидасын жарнамалаған 15 сайт бұғатталғанын жазған едік.