Мүмкіндігі шектеулі адамдарға көрсетілетін әлеуметтік көмек пен жеңілдік түрлері
Қазақстанда 725 мыңға жуық мүгедіктігі бар адам тіркелген
Елімізде мүмкіндігі шектеулі адамдар қандай негізгі әлеуметтік көмек және жеңілдік түрлерімен қамтылған? Halyq Uni тілшісінің осындай ресми сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау 725 мың мүгедектігі бар адамның құқықтарын қамтамасыз етуге бағытталған. Оның ішінде 420,3 мың адам еңбекке қабілетті жаста (58,0%), 195,2 мыңы зейнеткерлік жаста (26,9%), 109,5 мыңы – 18 жасқа дейінгі балалар (15,1%).
Қазақстанда мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және тұрмыс сапасын жақсарту жөніндегі 2025 жылға дейінгі Ұлттық жоспар іске асырылып жатыр. Мүгедектігі бар адамдардың құқықтары мен міндеттері Қазақстанның Әлеуметтік кодексімен регламенттеледі. Министрлік жанынан Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау саласындағы үйлестіру кеңесі жұмыс істейді, – деп толықтырды ведомство.
2023 жылғы 15 желтоқсаннан бастап «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен бірлесіп, тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған 4 өңірде (Абай, Павлодар, Қызылорда облыстары, Шымкент қаласы) пилоттық жоба іске қосылды. Жобаның негізгі мақсаты – үздіксіз оңалту және оңалтудың инновациялық техникалық құралдарын жеке таңдау арқылы тірек-қимыл аппараты бұзылған балалардың өмір сүру сапасын жақсарту.
Бұдан басқа, Қазақстанның Әлеуметтік кодексіне сәйкес мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен әзірленген абилитациялау және оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде келесі техникалық оңалту құралдары мен қызметтер көрсетіледі:
- протездік-ортопедиялық көмек;
- тифлотехникалық құралдар;
- сурдотехникалық құралдар;
- арнаулы жүріп-тұру құралдары;
- міндетті гигиеналық құралдар;
- санаторийлік-курорттық емдеу қызметтері;
- жеке көмекші қызметтері;
- ымдау тілі маманының қызметтері.
2024 жылғы 1 маусымға мүгедектігі бар адамдар үшін оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету бойынша 230 мың іс-шара немесе қажетті қызметтердің 66,3% іске асырылды.
Қазақстан Әлеуметтік кодексінің 170-бабы 3-тармағына сәйкес, жергілікті атқарушы органдардың, жұмыс берушілердің және өзге де ұйымдардың шешімі бойынша мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шаралары берілуі мүмкін.
Жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша мүгедектігі бар адамдарға қосымша әлеуметтік көмек қарастырылған, – дейді мекеме.
Бүгінгі таңда www.bilet.railways.kz сайтында мүмкіндігі шектеулі жандарға мүгедектік мәртебесін растай отырып, теміржолда жол жүру құжаты (билет) құнынан 50% жеңілдікпен билеттерді онлайн сатып алудың жаңа мүмкіндігі іске асырылды. Осыған байланысты мүгедектігі бар адам теміржол кассасы арқылы және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының жолаушылар порталы арқылы жеке куәлік бойынша жеңілдетілген теміржол билетін ресімдей алады.
«Қазір Қазақстанның заңнамасында әуе көлігі саласында мүгедектігі бар адамдар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету тәртібі регламенттелмеген. Қазақстанның әуе кеңістігін пайдалану мен азаматтық және эксперименттік авиация қызметін пайдалану саласындағы саясатты іске асыру, орындау үшін міндетті құқықтық актілерді қабылдау, сондай-ақ өз құзыреті шегінде мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарын іске асыруды қамтамасыз ету шаралары Қазақстанның Көлік министрлігінің құзыретіне жатады», – деп түйіндеді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Инклюзия бойынша департаменті.
Қазақстанда 725 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі адам тіркелген. Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын бұзған 300-ге жуық шенеунік жауапқа тартылды.