×

Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын бұзған 300-ге жуық шенеунік жауапқа тартылды

7 мыңнан астам адамның құқығы қорғалды

 Динара Амантай 18.06.2024 | 10:43
Фото: Halyq Uni

Мүгедектігі бар азаматтардың құқығын бұзған 300-ге жуық шенеунік жауапқа тартылды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бас прокуратураның мәліметінше, осы жылдың 5 айында прокурорлар мүгедектігі бар адамдардың құқығын қорғау саласында 89 тексеру мен талдау жүргізген. Нәтижесінде 527 заңбұзушылық анықталып, 68 ұсыныс қаралып, 4 наразылық қанағаттандырылды.

Прокуратура актілері бойынша мүгедектігі бар 7 мыңнан астам адамның құқығы қорғалды. Жол берілген бұзушылықтар үшін 284 лауазымды азамат тәртіптік жауапкершілікке тартылып, 65-і әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жыл басынан бастап Маңғыстау облысы прокуратурасының бастамасымен Ақтау қаласының аумағында «Кедергісіз қала» пилоттық жобасы іске қосылды және ай сайын халықтың аз қозғалатын топтары үшін қолжетімділігі қиын инфрақұрылым объектілерін анықтау бойынша көшпелі іс-шаралар өткізіледі. Осылайша, жобаны іске асыру барысында прокурорлар Ақтау қаласының аумағында мүгедектігі бар адамдарды еріксіз ұстап, адамдар көп жиналатын жерлерде қайыр сұрауға мәжбүрлейтіні туралы ақпарат алды. Маңғыстау облысы прокурорының қаулысы негізінде полиция органдары бірқатар іс-шара жүргізді. Нәтижесінде адам саудасы фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Осы қылмыстық іс аясында 2024 жылғы 22 сәуірде Ақтау қаласының аумағында құқықбұзушылық жасауға қатысы бар 5 адам ұсталды, – деді Бас прокуратураның ресми өкілі Саян Абденов.

Сондай-ақ Бас прокуратураға 2-ші топтағы мүгедек әйел пәтерге қатысты жасалған мәміленің жарамсыздығы туралы сот актілеріне наразылық білдіру туралы өтінішхатпен жүгінген. Қант диабетімен ауырған оған бірнеше рет ота жасалып, аяқ-қолдары кесілген. 2022 жылдың мамырында ол ерлі-зайыптылардан 9 миллион теңгеге пәтер сатып алған. Кейін пәтердің бұрынғы иелерінің отбасылық келіспеушіліктері мен өзара мүліктік талаптары болып, салдарынан олар сатып алушыға сатып алу-сату шартының жарамсыздығы туралы талап қойған. Арызданушы пәтерді сатып алған кезде үшінші тұлғалар тарапынан мүлікке талап-арыздар бар екенін білмегенін, алайда Маңғыстау облысының соттары сатушының талаптарын қанағаттандырғанын атап өтті. Салдарынан отбасылық жанжалдың құрбанына айналған әйел пәтерден де, берген ақшасынан да айырылды.

Өтініш берушінің құқықтық қорғаудың барлық мүмкіндіктері таусылғанын ескере отырып, бас прокурор оның мүддесіне қарай наразылық білдіріп, оны Жоғарғы сот қанағаттандырды. Сатушы мен сатып алушы арасында жасалған пәтерді сатып алу-сату шартын жарамсыз деп танудан бас тартылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама