Елімізде 7 мыңнан аса кенші арнаулы төлем алып жүр
Арнаулы төлемнің орташа сомасы – 208 мың теңге
Бүгінде Қазақстанда 55 жасқа толған 7 мыңнан аса кенші арнаулы төлем алып жүр. Бұл туралы премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Оның айтуынша, бұл бастама былтыр мемлекет басшысының жолдауында қарастырылып, қолдау тапқан.
Жыл басынан бері қауіпті жұмыс орындарындағы қызметкерлердің арнаулы жәрдем ақысы төленіп жатыр. Бүгінде оны алушылардың саны 7 140 адамға жетіп, ол мақсатқа 1,2 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бұл жұмыс жалғасуда, - деді Тамара Дүйсенова Мәжілістің жалпы отырысында.
Еске сала кетсек, бұған дейін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова 55 жасқа толған кеншілердің арнаулы төлемді қалай алатынын түсіндірген еді.