×

Ай сайын 208 мың теңге: 55 жасқа толған кеншілер арнайы төлемді қалай алады?

Арнайы төлем ауыр жұмыс істейтін азаматтарға (55 жасқа толған) зейнет жасына жеткенше беріледі

 Дәурен Ерболат 14.12.2023 | 12:56
Назгүл Сағындықова, фото: Halyq Uni

2024 жылдың қаңтарынан бастап 55 жасқа толған кеншілерге (зейнет жасына дейін – 63) арнайы төлем беріледі. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгін Сенат арнаулы төлемді тағайындауға мүмкіндік беретін заңды екінші оқылымда мақұлдады.

Министрдің орынбасары кеншілерге төлетенін ақша 4 көзден алынатынын атап өтті.

«Келесі жылдан бастап зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін 55 жасқа толған қазақстандықтарға арнайы төлем тағайындалады. Төлем 4 көзден қарастырылған: республикалық бюджеттен – (2) ең төменгі күнкөріс деңгейінде, жұмыс берушіден (1) ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде, сондай-ақ өмірді сақтандыру компаниясынан және бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ)», - деді Назгүл Сағындықова Сенаттың жалпы отырысынан соң.

Вице-министр арнаулы төлемнің орташа мөлшері 200 мың теңгеден асатынын жеткізді.

«Арнаулы төлемнің орташа сомасы шамамен – 208 мың теңге. Республикалық бюджет туралы заң бекітілген. Онда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге деп көрсетілген. Ең төменгі күнкөріс деңгейін екіге көбейтеміз – 86 мың теңге. Жұмыс беруші 43 мың теңге, ал өмірді сақтандыру компаниясы тағы 43 мың теңге төлейді. Сондай-ақ Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры (БЖЗҚ) орташа есеппен 35 мың теңге аударады. Осыдан кейін барлық ақша бір орынға жинақталып, бір уақытта төленеді», - деді министрдің орынбасары.

Сонымен қатар Назгүл Сағындықова 55 жасқа толған кенші арнайы төлемді алу үшін не істеу керегін түсіндірді.

Бұл жәрдемақыны алу үшін жұмысшылар жұмыс орнындағы кадрлар бөліміне барып, тиісті өтінішті жазуы керек. Онда ол зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеуін тоқтату туралы жазады. Осыдан соң ол кез-келген жұмысқа ауыса алады. Бұл өтініш бізге автоматты түрде беріледі. Біздің жүйеміз (Еңбек министрлігі) оған төлем тағайындайды, - деді вице-министр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама