Форум һәм жиын-тойдан бас тарту: Қазақстан билігі Азия министрлерімен кездеспейтін болды
Қазақстанда су тасқынынан кейін бірқатар имидждік іс-шара тоқтатылып, бөлінген қаржы қайтарылып жатыр
Президент тапсырмасынан кейін Қазақстанда мемлекеттік органдар имиджік іс-шаралар тоқтатылып, оған бөлінген қаржыны қайтару жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Halyq Uni.
Мемлекет басшысы бұған дейін елдегі су тасқынына байланысты бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында Үкімет, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларды өткізбеу жөнінде тапсырма берген болатын.
«Мен бюджет қаржысын үнемдеу мақсатында ірі халықаралық форумды өткізуден бас тарттым. Сонымен қатар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жұмсалатын шығынды қысқартамыз. Әрине, қазір бұл шарадан түпкілікті бас тарту мүмкін емес. Бірақ оған жұмсалатын қаржы көлемі айтарлықтай азаяды. Бұдан бөлек, еліміздің Токиода өтетін Дүниежүзілік көрмеге қатысуына бөлінген бюджет те қысқарады», - деді президент.
Осыдан кейін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының спорттық бағдарламасы мен күні қысқартылды. Ойындардың бағдарламасынан көрнекі спорт түрлерінен жарыстар алынып тасталды. Сондай-ақ 13-14 маусымға жоспарланған Астана халықаралық форумы мен Қазақстан машина жасаушыларының ХІІ форумы өтпейтін болды. 2023 жылы Астана экономикалық форумын өткізуге 1 млрд теңгеден астам бюджет қаржысы жұмсалған. Бұл форумды өткізу үшін Ұлттық экономика министрлігі қаржыны «QazExpoCongress» ҰК» АҚ шотына аударады. Ашық бюджет ресурсының мәліметі бойынша, компанияның бюджеттік жоспары 2024 жылы – 1,44 млрд теңге, 2025 жылы – 1,95 млрд теңге, 2026 жылы – 2,34 млрд теңге, 2027 жылы 2,81 млрд теңге болып бекітілген.
Қаржы министрлігінің мәліметінше, бджет заңнамасына сәйкес Қазақстанда республикалық бюджет және жергілікті бюджеттер дербес жұмыс істейді.
«Еліміздің бірқатар өңірінде қалыптасқан жағдайға байланысты Мемлекет басшысы орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарға имидждік және басқа да ірі іс-шараларға арналған шығыстарды қайта қарауды тапсырды. Астана Халықаралық экономикалық форумын өткізу, экология мәселелері бойынша Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес (АӨСШК) және «Орталық Азия + Жапония» саммиті шеңберінде Орталық Азия мен Жапония елдерінің экология министрлерінің кездесуі сияқты іс-шаралар тоқтатылды/күші жойылды. Осыған байланысты, орталық мемлекеттік органдар нақты көрсетілген қызметтерге сәйкес жұмсалған шығыстарды ескере отырып, тиісті іс-шаралардың күшін жою және бюджет қаражатын қайтару бойынша жұмыс жүргізуде», - делінген министрліктің ресми сауалға берген жауабында.
Айта кетейік, Бюджет кодексінің 31-бабына сәйкес бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады.
Босатылған (үнемделген – авт.) қаражатты тиісті жобалар айқындалғаннан кейін барынша экономикалық қайтарымы бар іс-шараларға қайта бағдарлау жоспарлануда. Өз кезегінде Қаржы министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп экономикалық және әлеуметтік тиімділікке баса назар аудара отырып, бюджетті жоспарлаудың тиімділігін арттыру бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын атап өтеміз, - деплінген министрлік жауабында.
Бұған дейін Қазақстанда соңғы 3 жылда имидждік іс-шараларды өткізуге бюджеттен 63,3 млрд теңге бөлінгені туралы жазған болатынбыз. Форум-конференцияларды өткізуге бөлінетін қаржының жартысынан көбі конкурссыз берілген. Мемлекеттік сатып алулар бойынша сарапшылар бұл қаржыны қадағалау қиын екенін айтып отыр.