«Енді шенеуніктер мені алдай алмайды». Әлихан Смайылов тиімсіз жұмсалған 500 млрд теңге жайлы

Дәурен Ерболат

Жарты триллион теңгеге жуық бюджет қаржысы тиімсіз жұмсалған

Әлихан Смайылов, фото: Halyq Uni

Бүгін Мәжілістің жалпы отырсында Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды.

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов жарты триллион теңгеге жуық бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалғанын айтты. Сондай-ақ халық әлі күнге дейін қомақты қаржыға салынған нысандардың игілігін көре алмай отырғанын мәлімдеді.

Мәжіліс отырысынан кейін БАҚ өкілдері Әлихан Смайыловқа «Сіз аудиторлық палатаның төрағасы ретінде 2023 жылғы өз жұмысыңызды (премьер-министр болған кездегі – авт.) бағалап отырсыз. Жұмысыңызда қайшылық бар деп ойламайсыз ба? Сіз қаншалықты шынайы есеп бердіңіз?», деп сұрақ қойды.

Әлихан Смайылов Үкіметті басқарып тұрғанда шенеуніктерге нақты жобаны іске асыру үшін бюджеттен қаржы бөлінгенін атап өтті.

Қайшылық жоқ. Неге? Премьер-министр ретінде бюджеттік бағдарламалар әкімшілері келіп, сол қаражатты сұрады. Маған (олардың қаржыны) қандай негізде, қандай мақсатта сұрағаны өте жақсы мәлім. Біз бюджеттік процестер негізінде тиісті қаражатты нақты мәселелерді шешеміз деп белгіледік. Енді іс жүзінде сол қаражат қаншалықты мақсатқа сай жұмсалды, қаншалықты тиімді пайдаланылды? Осы мәселеге бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері жауапты. Өкінішке қарай заңбұзушылықтар болды, - деді төраға.

Енді Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы шенеуніктердің қаржыны неге толық игере алмағанын тексере алады.

«Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде осы әкімшілермен кездесіп, аудиторлық жұмыс негізінде олар (қаржыны) қаншалықты мақсатқа сай, тиімді пайдаланғанын көруіме болады. Енді олар әртүрлі аргумент айта алмайды. Неге? Себебі, мені (олар) алдай алмайды. Қаражатты (Үкімет) бөлгенде, олар маған келіп, нақты мәселелерді айтып, нақты аргументтер келтірген. Сондықтан қазір Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы ретінде мен осы жұмысты тиімді жүргізуіме мүмкіндік бар», - деді Әлихан Смайылов.