×

Халық қомақты қаржыға салынған нысандардың игілігін көре алмай отыр – Әлихан Смайылов

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы 4 өңірде инвестициялық жобалар нақты уақытында іске аспағанын айтты

 Дәурен Ерболат 05.06.2024 | 12:14
Фото: Жоғары аудиторлық палатаның баспасөз қызметі

Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайыловтың айтуынша, кей өңірлердегі жобаларды іске асыруға нысаналы трансферттерден қомақты қаржы бөлінгенімен, ол қаражат толық игерілмей отыр.

Мәжіліс отырысында Қазақстан үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның 2023 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебі тыңдалды.

Палата басшысы Әлихан Смайыловтың пікірінше, өңірлердегі жобаларды іске асыруға қаржы бөлінгенімен, оны игеру көрсеткіші төмен.

«Жергілікті атқарушы органдарға өңірдегі міндеттерін шешу үшін дербестік берілді. Дегенмен трансферттердің орталық деңгейде жоғары игерілуі жекелеген жағдайда өңірлерде төмен нәтижесін көрсетіп отыр. Нысаналы трансферттерді жалпы сипаттағы трансферттер базасына беру есебінен өңірлерге берілетін субвенция шамамен 5 трлн теңге болды. Олар соңғы 3 жылда 2 еседен артық өсіп отыр.

Нысаналы транферттерді шамамен 2 трлн теңге болды. Оның орындалуы едәуір жоғары – 98%. Ал іс жүзінде қалай? Бюджеттік тәртіп төмен деңгейде. Тек 4 өңірде – Абай, Жетісу, Ұлытау және Алматы облыстарында жүргізіліген аудит нәтижесінде бюджеттік инвестициялық жобалардың 27%-ында құрылыстың нормативті мерзімінің сақталмағаны анықталды», - деді төраға.

Палата төрағасының айтуынша, кейбір жобалар уақытында аяқталмай, 10 жылға дейін созылып кеткен.

Уақытында аяқталмаған жобалардың 60%-дан астамы қымбаттағаны анықталды. Инженерлік және инфрақұрылымдық маңызды жобаларды іске асыру кезінде өңірлердің сылбырлығы неге алып келетінін әлі анықтау керек. Осы 4 өңірде орындалмаған жұмыс көлемі үшін шамамен 3,4 млрд теңгеге төлем жасалған, - деді Әлихан Смайылов.

Әлихан Смайылов халық қомақты қаржыға салынған нысандардың игілігін көре алмай отырғанын атап өтті.

«Өңірлерде өте маңызды және қажет объектілердің мақсатына сай пайдаланылмау фактілері тіркелді. Мысалы, Семей қаласында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы салдарынан 2023 жылы 1,7 млрд теңгеге салынған орталық қазандығы жанар-жағармай станциясына жақын орналасқандықтан пайдаланылмай тұр.

Жезқазған қаласында құрылысты тоқтату салдарынан 2023 жылы шамамен 600 млн теңгеге салынған тұрғын үйге әлі күнге дейін ешкім қоныстанбаған. Мұны тек сылбырлық деп айта аламыз.

Бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде тәртіп орнату керек. Жобалардың орындалу мерзімін ұзарту олардың қымбаттауын шектеу керек. Жобаларды жоспарлаудан бастап, оларды іске асырудың басталуына дейінгі мерзімді қысқартқан жөн», - деді ол.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама