Елімізде қандастар қандай әлеуметтік жеңілдіктерге қол жеткізе алады
Соңғы бес жылда 100 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи отанына оралған
Қазақстанда қандастарға бірқатар әлеуметтік жеңілдік қарастырылғаны белгілі. Олардың кейбірі өзгеріске ұшырап, жаңа түрлері де енгізілді. Қандастарға қазір көрсетілетін жеңілдіктер жайлы Halyq Uni тілшісінің ресми сауалына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жауап берді.
СОҢҒЫ 5 ЖЫЛДАҒЫ КӨРСЕТКІШ
Тәуелсіздік жылдары еліміздегі халықтың саны мен этникалық құрамында елеулі өзгерістер болды. Бұл этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтарудың көші-қон саясатын іске асырудың арқасында мүмкін болды.
Жалпы, 1991 жылдан бастап 1 134,3 мың этникалық қазақ елге оралды. 2019 жылдан бастап 94 676 адам келіп, «қандас» мәртебесін алды.
Келген қандастардың көбі Алматы облысында 32,2% және Маңғыстау облысында 13,9% қоныстанды.
Қандастардың жартысынан көбі немесе 51,9%-ы Өзбекстаннан, 27%-ы ҚХР-дан, 7,7%-ы Түркіменстаннан, 5,7%-ы Моңғолиядан және 7,7%-ы басқа елдерден келген.
2019 жылдан бері келген қандастардың 63%-ы еңбекке қабілетті жаста, 27,6%-ы кәмелетке толмағандар және 9,4%-ы зейнеткерлер.
Келген қандастар – дәрігерлер, педагогтер, аудармашылар, бухгалтерлер, аспаздар, даяшылар, басқа да салаларда жұмыс істейтін мамандар.
ҚАЗІРГІ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕҢІЛДІКТЕР
Қазақстанға келген және «қандас» мәртебесін алған этникалық қазақтар келесі мемлекеттік қолдау шараларына үміткер бола алады:
- тұрақты тұруға рұқсат алған кезде отбасының әрбір кәмелетке толған мүшесіне өзінің төлем қабілеттілігін (шотында 4 млн 554 мың теңге (1 320 АЕК) сомасында ақша барын) растаудан босату;
- ҚР азаматтарымен әлеуметтік құқықтар (мектептер мен мектепке дейінгі ұйымдардағы орындармен, медициналық көмекпен, әлеуметтік қорғаумен, жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етіледі);
- қоғамдық-әлеуметтік салада (тұрғын үй, жер, салық, медицина, білім беру және т. б.) жеңілдіктері мен преференциялары бар халықтың әлеуметтік осал топтарының 13 санатына кіреді;
- заңды тұлғаларды, олардың филиалдары мен өкілдіктерін мемлекеттік (есептік) тіркегені үшін алым мөлшерлемесін төлеуден босату;
- уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен жеке қосалқы шаруашылық, бау-бақша және саяжай құрылысын жүргізу үшін жер учаскелерін алу құқығы;
- 3 ай ішінде ел азаматтығын оңайлатылған тәртіппен алу;
- Павлодар, Қарағанды, Шымкент қалаларында қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтары жұмыс істейді;
- 11 өңірде қандастарды уақытша орналастыру орталықтары бар, онда этникалық қазақтар «қандас» мәртебесін алғанға дейін (күнтізбелік 10 күннен аспайды) тұра алады (450 адам қамтылды);
- қандастар Қазақстан азаматтарымен тең дәрежеде жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғаудың және халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз етудің белсенді шараларымен қамтамасыз етіледі.
- Сонымен қатар, жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен аспайтын, атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға қатысатын қандастар ішкі мигранттармен қатар мемлекеттік, материалдық көмек алады:
- көшу үшін - отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК (241,5 мың теңге) мөлшерінде бір реттік төлем;
- отбасына 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейін (51,7-ден 103,5 мың теңгеге дейін) төленетін тұрғын үйді жалдау (жалға алу) және коммуналдық қызметтерді төлеу бойынша шығыстарды жабу үшін қаржы;
- тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын экономикалық ұтқырлық сертификаты түрінде қаржылық көмек.
ЖАҢА ЖЕҢІЛДІК ТҮРЛЕРІ
«Өткен жылдан бастап экономикалық ұтқырлық сертификат – солтүстік өңірлерге ерікті түрде қоныс аударуға қатысатын қандастарға тұрғын үй құнының 50% мөлшерінде, бірақ 4 млн теңгеден аспайтын қаржылық көмек түрінде енгізілген. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, 1290 сертификат берілді, оның 419-ын қандастар алды.
Мемлекеттік қолдау шараларын алуға қатысты толық ақпарат алу үшін қандастар тұрғылықты жері бойынша жергілікті атқарушы органдарға жүгінуі қажет», – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов.
Жыл басынан бері 5,9 мыңнан астам қазақ елге оралды. Құранды үш жыл бойы қолмен жазып шыққан қандасымыз мешіттің ашылу салтанатына қатысты (ВИДЕО).