Halyq Uni логотип
×

Несие каникулы және қомақты кредит алу үшін жұбайының рұқсат беруі: Мәжіліс сенаторлар енгізген түзетулерді қолдады

Сенат депутаттары заң жобасына түзетулер ензігіп, Мәжіліске қайтарған болатын

 Дәурен Ерболат 29.05.2024 | 14:41
Несие каникулы және қомақты кредит алу үшін жұбайының рұқсат беруі: Мәжіліс сенаторлар енгізген түзетулерді қолдады
көрнекі фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаттары «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға Сенат енгізген түзетулерді қолдады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

23 мамырда Сенат аталған заң жобасына түзетулер ензігіп, Мәжіліске қайтарды.

Құжатта енді алатын кредитіңіз 3,7 млн теңгеден асса, жұбайыңыздың рұқсаты керек деген норма бар. Сондай-ақ заң жобасында әскерден келген сарбазға 2 ай несие каникулы берілетіні қарастырылған.

Депутат Берік Бейсенғалиев комитет сенаторлар енгізген түзетулермен танысып шыққанын және онымен келісетінін жеткізді.

«Мәжілістің Қаржы және бюджет комитеті «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту, қарыз алушылардың құқығын қорғау, қаржы нарығын реттеу және атқарушылық іс жүргізуді жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келісуге болады деп есептейді», - деді ол.

Сенат заңға енгізген түзетулерде төмендегі нормалар қарастырылған:

  • Әскери қызметшілерге мерзімді қызмет өткергеннен кейін 60 күнге банк қарызы немесе микрокредит бойынша төлемдерді қосымша кейінге қалдыруды ұсыну;
  • Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін республикалық бюджеттен қаржыландыруды алып тастау және Ұлттық банктің бюджетінен қаржыландыруға көшу;
  • Синдикатталған қаржыландыруға қатысуға құқығы бар тұлғалардың тізбесін кеңейтіп, Қазақстанның бейрезидент-банктерінің филиалдарын, «Астана» халықаралық қаржы орталығының банктерін енгізу;
  • Қаржы ұйымының басшы лауазымына кандидатты келісу кезінде Ұлттық басқарушы холдингтің, Қазақстанның Даму банкінің, жеке кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорының басшы лауазымдарындағы жұмыс өтілін ескеру;
  • Коллекторлық агенттіктердің кредиттік бюроға берешекті реттеу жөніндегі мәліметтерді ұсыну міндетін енгізу;
  • Заңның тақырыбын және жекелеген жаңа ережелерінің қолданысқа енгізілу мерзімін өзгерту.

Дауыс беру нәтижесінде Мәжіліс депутаттары заңға Сенат енгізген түзетулермен келісті.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама